Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан экологиялық бақылауды цифрландыру үшін бірікті
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азияның үш елі өнеркәсіпті экологиялық бақылаудың цифрлық құралдарын бірлесе әзірлеуге келісті.
Анталиядағы COP31 климат конференциясындағы Қазақстанның ұлттық павильоны өнеркәсіпті экологиялық жаңғырту саласындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту алаңы болды. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан қоршаған ортаны реттеуді жақсартуға және өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға бағытталған үздік қолжетімді әдістердің цифрлық платформасын әзірлеу бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Құжат сарапшылық білім, технологиялық шешімдер және ең жақсы тәжірибелер алысуды, сондай-ақ Орталық Азияның үздік қолжетімді әдістер бюросының аймақтық бағдарламасын іске асыру бойынша іс-қимылдарды үйлестіруді көздейді.
Орталық Азия қолжетімді әдістер бюросын құру аймақтағы елдердің тәжірибесін біріктіруге және қоршаған ортаны реттеуге көзқарастардың жақындасуына ықпал етуге бағытталған. Бұл бастаманың өнеркәсіп қуатын жаңарту, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық таза өндіріс технологияларын енгізу қажеттілігі тұрғысынан маңызы зор.
Бұл ынтымақтастықтың орталық құралы әртүрлі өнеркәсіп салаларындағы ең жақсы қолжетімді әдістер, технологиялық шешімдер және қоршаған ортаға қойылатын талаптар туралы ақпаратты біріктіретін цифрлық платформа болмақ. Оған төрт негізгі модуль кіреді: үздік қолжетімді әдістер білім базасы, кәсіпорындардың интеграцияланған технологиялық аудиттерінің тізілімі, интеграцияланған экологиялық рұқсаттар жүйесі және мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесуге арналған серіктестік желі.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Әбеновтің айтуынша, платформа кәсіпорындарда қолданылатын технологиялар, шығарындылар көлемі және қоршаған ортаға қойылатын талаптардың сақталуы туралы ақпаратты жүйелейді. Сондай-ақ, мамандардың салалық анықтамалықтар мен мониторинг құралдарына қол жеткізуін жеңілдетеді.
IGTIC ұйымдастырған панельдік сессия барысында Орталық Азия елдерінің, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдері үздік қолжетімді әдістерді енгізу, технологиялық аудиттер жүргізу және аймақтық салалық анықтамалықтарды дайындау перспективаларын талқылады. Мамандардың біліктілігін арттыруға және халықаралық сараптаманы тартуға ерекше назар аударылды.
Талқылаудан кейін қатысушылар 2027 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары туралы келісімге келді. Платформаны одан әрі дамыту қоршаған орта және технологиялық деректер алмасуды кеңейтумен қатар аймақтың өнеркәсіптік секторын жаңғыртуға үйлестірілген тәсілдерді де дамытады деп күтіледі.
Бұған дейін біз Астанада өткен «Орталық Азия елдерін тұрақты дамытуға арналған ғылым, деректер және болжау» халықаралық конференциясында Орталық Азияда климаттық және әлеуметтік деректерге ортақ талап әзірлеу ұсынылғанын хабарлағанбыз.