«Қазақстан - өзге елдер үшін үлгі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 сәуір, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қазақстан - өзге елдер үшін үлгі» - баспасөзге шолу

Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі дүниежүзілік IV саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, адамзат алдындағы жаhандық мәселелерді шешу жөнінде ұтқыр ойын, тұщымды пікірін ашық айтып, ұғындыра білді. Құнды сөзді әлем жұртшылығы жақсы бағалап, сол заматында-ақ ақпарат көздері арқылы төрткіл дүниеге таратқаны мәлім. Күллі адамзат айтулы форумнан күткен еларалық ынтымақтастық, ғасыр кесапаты - ядролық қаруды жою, бейбіт өмір тыныштығын бұзатын терроризмге қарсы күрес секілді өмірлік мәні зор Елбасы сөзінен бастау алатын жайттар жайлы танымал ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, саясаткер Тынышбай Досымбековпен арадағы сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Қазақстан - өзге елдер үшін үлгі» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «шыны керек, жаппай қырып -жоятын осынау алапат қарудан Қазақстан әлемде бірінші болып бас тартты. Сөйтіп, дүниежүзінде бейбіт өмірді сақтауда өзіндік үлгі көрсете білді. Елбасының осынау игі қадамын бүгінде төрткіл дүниенің саясаткерлері құп көріп, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айтып, жазуда. Біле білсек бұл әлемде Елбасының бейбіт өмірді сақтау арқылы адами құндылықтың дара үлгісін көрсетуі болып табылады. Міне, біздің Мемлекет басшысының әлем халқы алдындағы маңдайы жарқын әрі үлгі тұтарлық мақтанышымыз деп осыны айтуға болады», - дейді.

«Бүгінгі таңда «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы негізінде табиғи монополиялар субъектілерінің нақты атқарған жұмыс көлемі 36,8 миллиард теңгені құрайды, яғни қаржының 61%-ы игерілді»,-  деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, бүгінгі таңда осы бағдар­ламаның аралық қорытындысы бойынша 2015-2016 жылы 259 шақырымды құрайтын жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін, 14 қазандыққа қоса 3 су стансасы құрылысын салу және жаңғырту жоспарланған болатын. Осы орайда үстіміздегі жылдың наурызындағы жағдай бойынша олардың 211 шақырымы салынған. Оның ішінде жылумен жабдықтау желісі 143 шақырымды құраса, жылумен жабдықтау және су бұру бойынша 67 шақырым жаңғыртылған. Жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы есебі бойынша 60 миллиард теңге көлемінде қаржы игерілген. Және де «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде 2016 жылға 75 миллиард теңгені құрайтын 99 жоба іріктелді. Оның ішінде сумен жабдықтау бойынша - 22,4 млрд теңгені құрайтын 48 жоба, су бұру бойынша - 10,4 млрд теңге болатын 20 жоба мен жылумен жабдықтауға бағытталған 44,2 млрд теңге көлеміндегі 31 жобаны атап өтуге болады. Мақала «Коммуналдық саланы жаңғырту қарқынды жүруде» деген тақырыппен берілген.

***

«Әрине, Қазақстан мен Иран қарым-қатынастарындағы биылғы жылдың ең үлкен оқиғасы 2016 жылдың 12-13 сәуірінде өткізілуі жоспарланып отырған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Тегеранға кезекті ресми сапары болып табылады. Осы сапар кезінде екі елдің басшылары қазіргі таңдағы өзекті халықаралық және аймақтық саяси мәселелер жайында пікір алысып, оларды саяси және бейбіт жолмен шешу мүмкіндіктерін қарастыратын болады», - деп жазады Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бағдат Әміреев «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген мақаласында. Оның жазуынша, алдағы Тегеранда өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздер екі ел арасындағы экономикалық және сауда-саттық қарым-қатынастарға жаңа серпін беруді көздейді. Аталған сапар барысында екі мемлекет басшыларының қатысуымен елдеріміздің түрлі салалардағы өзара қарым-қатынастарын қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін 40-тан астам екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылмақ. Солардың қатарында ИИР-мен 2026 жылға дейінгі сауда-экономикалық және инветициялық ынтымақтастық бойынша кеңейтілген ұзақ мерзімді бағдарламаны, Иранмен 2026 жылға дейінгі «Жібек жолы» бағыты бойынша көлік-логистикалық әлеуетті пайдалану жөніндегі кеңейтілген ұзақ мерзімді бағдарламаны, Тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасын айтуға болады.