Қазақстан озық хабқа айналуы мүмкін — Олаф Грот жасанды интеллект дәуіріндегі басымдықты атады
АСТАНА. KAZINFORM — Cambrian Futures компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Олаф Дж. Грот жасанды интеллектінің Қазақстанға әлемдік экономикадағы өз позициясын нығайтуға қалай көмектесе алатыны туралы сөз қозғады.
Kazinform агенттігіне берген сұхбатында ол сондай-ақ жасанды интеллект саласына салынатын инвестициялардың болашағын және халықаралық нарықта қазақстандық кәсіпкерлерге ашылатын мүмкіндіктерді бағалады.
— Жасандыинтеллектіге (ЖИ) салынатын жаһандық инвестициялар рекордтық деңгейге жеткенімен, көптеген нарықтар әзірге бұл салымдардан айтарлықтай қайтарым ала алмай отыр. Осы қомақты шығындардың бизнес пен қарапайым адамдар үшін нақты пайдаға айналуына не кедергі?
— Инвестицияның өзін ақтауы жолындағы басты кедергі — адами және ұйымдастыруға қатысты факторлар. Біз ұйымдарды технологиялардың даму қарқынына ілесе отырып, жеткілікті жылдамдықпен өзгерте алмаймыз. Басқаша айтқанда, технологиялар адамдар мен ұйымдар бейімделіп үлгермейтіндей тым жылдам дамуда. Ал институттар — ережелер, қалыптасқан нормалар, заңнама, процестер, рәсімдер мен құрылымдар өте баяу өзгереді.
Бізге бұл жылдамдыққа ілесу қиын. Қалай қарым-қатынас жасайтынымызды, шешім қабылдайтынымызды және қалай жаңа өнімдер жасайтынымызды, сондай-ақ осы жұмысты қамтамасыз ететін процестер мен құрылымдарды қайта қарастыруымыз керек. Мұндай өзгерістер уақытты қажет етеді.
Бізге өзгерістерді басқаруға және ұйымдық трансформацияға назар аударатын басшылар көбірек қажет.
Егер тәжірибе оң нәтиже берсе, келесі қадам — оны үнемді әрі табысты шешімге айналдыру жолдарын айқындау. Адамдар кейде өз тәжірибелерінің нәтижелерін өлшеуге құлықсыздық танытады.
Мұндай өзгерістер уақытты қажет ететінін айттым, дегенмен біз іс жүзінде уақытпен жарысқа түсіп отырмыз. Алдағы бірнеше жылда инвестиция көлемі 10 трлн долларға жетуі мүмкін және бұл капитал табыс әкелуі тиіс. Әйтпесе, инвесторлар қаржыландыруды қысқарту немесе оны мүлдем тоқтату туралы шешім қабылдауы мүмкін, ал бұл — саланың болашақ дамуы үшін ең жағымсыз сценарий.
— Сіз Орталық Азиядағы цифрлық сектордың дамуына назар аударып отырсыз. Қазақстанды басқа да дамушы нарықтармен салыстырғанда, елге жасанды интеллект саласындағы қалыптасқан әлемдік орталықтармен бәсекелесуге қандай басымдықтар көмектесе алады?
— Қазақстан қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Мен Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевті OpenAI компаниясымен таныстырдым. Бұл компания Қазақстанның бұған дейін жасаған жұмыстарына үлкен қызығушылық танытты. Менің түсінуімше, Қазақстанда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 180 млрд параметрден тұратын модель әзірлеген. OpenAI бұл әзірлемеге қызығушылық білдірді, өйткені мұндай шешімдер OpenAI сияқты компанияларға өңір тілдерін пайдалана отырып, өз модельдерін үйретуге көмектесе алады.
Бұл жақсы бастама, бірақ Қазақстанның әлеуеті әлдеқайда жоғары. Елдің табиғи ресурстары мол және 400 млн-ға дейін адамды азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын ірі аграрлық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық сауда үшін негізгі логистикалық орталық және транзиттік бағыт ретінде қызмет етіп келеді.
Ғарыш саласының да орны бөлек, атап айтқанда Байқоңырды назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазақстан үшін бұл артықшылықты халықаралық серіктестермен ынтымақтастықта пайдалану өте маңызды, себебі болашақ нақты әлеммен өзара әрекеттесуге қабілетті жасанды интеллектіге тиесілі.
Қазақстан жасанды интеллект әзірлеушілеріне өзінің табиғи, өндірістік, логистикалық және экономикалық мүмкіндіктерін ұсына отырып, өте маңызды серіктес бола алады. Дәл осы басымдықтардың үйлесімі елге жеке жасанды интеллект экожүйесін дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашуы мүмкін.
— Әлемде қатаң реттеу немесе технологиялардың қарқынды дамуына қатысты пікірталас жалғасып жатыр. Осы екі мәселенің қайсысы маңыздырақ? Цифрлық экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдер инновацияға кедергі келтірмей, ұлттық егемендік пен азаматтардың мүддесін қорғайтын деректерді басқару ережелерін қалай қалыптастыра алады?
— Деректерді тиімдірек пайдаланудың ең жақсы жолы — дерек иелерін оларға мұқтаж тараптармен байланыстыратын, реттелетін, қауіпсіз әрі қолжетімді нарықты құру.
Бүгінде деректеріміздің басым бөлігі компаниялар мен мемлекеттік мекемелерде оқшауланған күйде сақталады. Алайда, компаниялардың мұндай ауқымды ақпаратты сақтауға көбінесе қажеттілігі болмайды, өйткені оның едәуір бөлігі олар ұсынатын қызметтерге қатысы жоқ.
Сонымен қатар, күтпеген жаңалықтарға да орын қалдыру қажет. Жалпы алғанда, деректер сертификатталған қатысушылар мен сарапшылар қандай ақпараттың бар екенін көріп, оның құндылығын бағалай алатын арнайы алаң (нарық) арқылы қолжетімді болуы тиіс. Сонымен бірге, жеке құпияны қорғауды қамтамасыз ету өте маңызды. Адамдарда өз деректеріне қатысты бақылау жасауға мүмкіндігі болғаны жөн.
Сонымен қатар, деректерге тиісті құнын белгілеп, олардың бағасын анықтау және сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету қажет. Бұл капитал немесе тауар нарықтарына ұқсас тиімді нарық құруға мүмкіндік берер еді. Мұндай нарықта қажет деректерді тауып, олар үшін әділ нарықтық бағаны төлеуге болар еді. Егер қауіпсіздік, құпиялылық және жеке ақпаратқа қатысты әр адамның өзіндік бақылауы қамтамасыз етілсе, мұндай тәсілді деректерге қатысты қолдануға ешқандай кедергі жоқ деп санаймын.
Болашақта бұл бір жасанды интеллект агентін немесе бірнеше агенттің бірге жұмыс істеуін қамтуы мүмкін. Олардың кейбіреуі сіздің жеке немесе корпоративтік құпиялылық параметрлеріңізді ескеріп, сіз қандай деректерді таратқыңыз келетінін және қайсысын құпия сақтағыңыз келетінін анықтайды.
Қазіргі заманғы жаһандық деректер экономикасы дәл осылай қалыптаса бастады. Әртүрлі елдер мұндай тәсілдерді қазірдің өзінде тәжірибеден өткізуде, бірақ толықтай жүзеге асырылған жүйе әлі жоқ. Адамдар деректердің тегін немесе қолжетімсіз болуына үйреніп қалды. Сондықтан синтетикалық деректерге бүгінде сұраныс жоғары. Оның орнына, біз қажетті қорғанысты қамтамасыз ете отырып, қолда бар деректерді қолжетімді етуіміз керек.
Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) криптовалюталарды реттеу саласында жетекші рөл атқарғаны сияқты, мұндай нарықты қалыптастыруда көшбасшы бола алады. БАӘ жаңа ережелер мен тәсілдерді сынақтан өткізетін алаң ретінде қарастырылады. БАӘ немесе Қазақстан сияқты орталықтар осы рөлді атқаруға қауқарлы жағдайда.
Қазақстан адамдардың өз ақпаратына қатысты бақылауын сақтайтын және елдің осы салада жаһандық орталыққа айналуына мүмкіндік беретін қауіпсіз әрі сенімді деректер нарығын құра алады деп үміттенемін.
— Сіз қауіпсіздік шараларының маңыздылығын атап өттіңіз. Қажет болған жағдайда, қуатты жасанды интеллект жүйелерінің жұмысын тоқтатуға мүмкіндік беретін «апаттық сөндіру тетігі» сияқты құрал керек пе? Сондай-ақ, деректерге қатысты осындай механизмдер қажет пе?
— Әрине. Деректерді беру кезінде де, жасанды интеллект жүйелерінде де жұмысты бірден тоқтату мүмкіндігі қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар, ереже бұзу әрекеттері үшін нақты әрі қатаң санкциялар белгіленуі қажет.
Бізге реттеудің сапалы жүйесі қажет. Барлық реттеу шараларын зиянды немесе бизнеске сөзсіз кедергі келтіреді деп санау — қателік. Керісінше, дұрыс пысықталған ережелер бизнестің дамуына серпін бере алады. Президент Тоқаев өз сөзінде осы мәселеге тоқталды және меніңше, бұл — өте көрегендікпен қабылданған тәсіл.
Біз тек өзін-өзі реттеуге ғана арқа сүйей алмаймыз. Ол бастапқы қадам бола алғанымен, түптің түбінде бізге адамдардың қадір-қасиеті мен әл-ауқатын қатаң қорғай отырып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасайтын ережелер қажет. Заң бұзу фактілері мен теріс әрекеттерге қатысты қатаң шаралар қолданылуы тиіс.
Нарық айқын ережелерді бағалайды. Бұл кәсіпкерлер үшін де маңызды. Бизнеске ең алдымен белгісіздік кедергі келтіреді, өйткені ол тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалауды қиындатады.
— Қарқынды дамып келе жатқан технологиялық орталықтардағы стартаптың негізін қалаушылар халықаралық нарыққа шығарда қиындықтарға тап болып жатады. Қаржыландыру қажеттілігінен бөлек, қазіргі таңда өңірдегі мамандар мен кәсіпкерлерге жаһандық деңгейде бәсекелесуге не кедергі келтіреді?
— Бірнеше негізгі кедергі бар. Біріншіден, Қазақстанға капитал нарығын кеңейту және дамыту қажет. Қазіргі уақытта ол жеткілікті деңгейде дамымаған, инвестициялардың әртүрлі бағыты үшін қолайлы шарттармен қолжетімді қаржыландыру көздері тапшы.
Тікелей және венчурлық инвестициялар көлемін арттыру қажет. Сондықтан капитал нарығын дамыту ісі деректер нарығын дамытумен қатар басты басымдықтардың бірі болуы тиіс. Бұл екі нарық өзара үйлесімде дамуы қажет. Ол үшін жеке капиталдың қатысуын ынталандыратын айқынырақ ережелер талап етіледі. Мемлекет капитал нарығының сенімділігін қамтамасыз етіп, оған (мысалы, облигациялар нарығы арқылы) қатыса алады, алайда жалпы алғанда, нарықта үстемдік етпеуі тиіс.
Екіншіден, кәсіпкерлерге тәлімгерлер қажет. Үшіншіден, оларға өз бизнесін халықаралық деңгейде — алдымен Орталық Азияда, кейіннен Еуропада, АҚШ-та және Қытайда кеңейтуге мүмкіндіктер керек. Бұл үшін цифрлық еркін сауда аймақтарын құруға бағытталған көпжақты келісімдер немесе белгілі бір елдер топтары арасындағы уағдаластықтар қажет. Мұндай шаралар қазақстандық кәсіпкерлерге өз капиталын, идеялары мен зияткерлік меншігін халықаралық нарықтарға шығаруға жол ашар еді.
Дегенмен, кәсіпкерлерге не істеу керектігін және қандай қателіктерден аулақ болу қажеттігін түсіндіретін тәлімгерлер болмаса, қаржы, деректер, сараптамалық білім мен бизнестің өзі жеткіліксіз болып қалады. Қазақстан халықаралық сарапшыларды тартуы және тиісті бағыт-бағдар мен қолдау көрсету арқылы өз кәсіпкерлеріне шетелдік нарықтарға шығуға көмектесуі қажет.
АҚШ-тағы табысты венчурлік инвесторлар дәл осылай жұмыс істейді: олар қаржы бөледі, қажетті байланыстар орнатуға жол ашады және компанияның негізін қалаушыларға бизнесін дамытуға көмектеседі. Қазақстанға осындай қолдау түрлері көбірек қажет.
Төртіншіден, кәсіпкерлерге жасанды интеллект саласындағы геосаяси жағдайда бағдар жасауға көмек қажет. Қазақстан ерекше орында тұр, өйткені ол Қытай, Ресей, Еуропа, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс тоғысында орналасқан, ал АҚШ географиялық тұрғыдан біршама алысырақ жатыр. Қазақстан АҚШ-пен берік байланыс орнатқан және елдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, бұл байланыстарды одан әрі дамыту қажет.
— Хартленд теориясы Еуразияның орталық бөлігінің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Сіз Қазақстанға қатысты қазіргі заманғы параллельді көріп тұрсыз ба? Қазақстан өзінің географиялық орналасуын цифрлық байланыс пен жасанды интеллект орталығына айналдыру үшін пайдалана ала ма? Осылайша, елдің экономикалық және геосаяси ықпалы арта ма?
— Британдықтар Орталық Азияның маңыздылығын түсінді. Еуропалық Комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен жақында Президент Тоқаевпен кездесуінде де осыны атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан ірі әлемдік экономикалық орталықтардың біріне айналады. Мен де осы көзқарасты қолдаймын.
Бұған дейін атап өткенімдей, Қазақстан БАӘ немесе Сингапур сияқты орталыққа айналуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, ол бейтараптықты сақтайтын, басқа елдермен табысты қарым-қатынас жасайтын және өзіндік айқын ұстанымы бар зияткерлік хаб ретінде қалыптаса алады. Ықпал ету үшін жеке дауысқа, яғни өзіндік ұстанымға ие болу өте маңызды.
Дәл сол себепті Қазақстан өзінің бар артықшылықтарын — STEM мамандарын, ғарыш саласының әлеуетін, уран сияқты табиғи ресурстар мен логистикалық бағыттарды, сондай-ақ деректерді, жасанды интеллект саласындағы тәжірибені және министр Саясат Нұрбек әзірлеп жатқан білім беру платформасын тиімді пайдалануы қажет деп санаймын. Бұл шынымен де таңғаларлық басымдық.
Халқының саны салыстырмалы түрде аз болғанына қарамастан, Қазақстан осындағы идеялар мен әзірлемелердің, әсіресе жасанды интеллектіні басқа салалармен ұштастыратын зерттеулердің арқасында елеулі түрде ықпал ете алады.
— Бүгінде жетекші державалар өз технологияларын қорғауды күшейтуде, ал әлемдік нарықта ірі технологиялық компаниялар басымдыққа ие. Орташа елдер өздерінің цифрлық болашағын бақылауды сақтай отырып, шетелдік технологиялық көшбасшылармен қалай серіктестік орната алады?
— Біз бұрын АҚШ пен Қытайдағы он шақты ірі технологиялық компаниялар оларға ұқсас олигополияларды немесе құрылымдарды құрып жатыр деп айтатынбыз. Шағын инновациялық компаниялар үшін олармен бәсекелесу өте қиын болып көрінді, әсіресе ірі платформалар перспективалы компанияларды сатып алып, жұтып кетіп жүрді.
Алайда OpenAI, Anthropic және Mistral компанияларының жүріп өткен жолына назар аударыңыз. Енді олардың қатарына Higgsfield компаниясын да жатқызуға болады. Бұл — өз саласында берік орынын иеленіп, қазіргі кезде технологиялық индустрияның ірі ойыншыларына елеулі бәсекелестік тудырып отырған мамандандырылған фирмалар.
Дәл сол себепті Қазақстанның Кремний алқабымен немесе Шэньчжэньмен салыстырғандағы шағын ауқымы немесе шектеулі қаржылық ресурстары шешуші фактор болуы тиіс деп санамаймын.
Ең бастысы, қолда бар артықшылықты тиімді пайдаланып, әлемдік нарықпен байланысты сақтап қалу. Елдегі мамандарға халықаралық нарықтарда жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, кейін олардың елге адами және қаржылық капиталды, зияткерлік меншікті, сондай-ақ сол нарықтардың жұмыс істеу ерекшеліктері туралы тәжірибе мен білімді алып келуін қамтамасыз етуіміз керек.
Қазақстанның ықпалын күшейту тұрғысынан жасанды интеллектіде зор әлеуетті көріп отырмын. Бұл — өзара тиімді процесс: одан Қазақстан да, әлемнің өзге елдері де ұтады.
Ағылшын тіліндегі сұхбаттың түпнұсқасын мына жерден оқи аласыз.