Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін ескеріп, тиісті саясатын жүргізіп жатыр – Сенат төрағасы
«Біріншіден, әрбір ел өзінің ұлттық мүддесіне бағытталған саясатты жүзеге асыруға міндетті. Бұл тұрғыда Қазақстанда да өзінің ұлттық мүддесін ескеріп, тиісті саясатын жүргізіп жатыр. Біздің ұлттық мүддемізге аумақтық тұтастығымыз, тәуелсіздігіміз, азаматтардың қауіпсіздігі, елдің тұрақтылығы, мемлекеттік институттар жатады. Сондықтан нақты бір мемлекеттен «қай елмен қарым-қатынасыңды нығайтасың» деп сұрау дұрыс емес. Осы орайда «дәл қазір ұлттық мүдделеріңіз қандай басымдықтарды ескеріп отыр» деп сұраған жөн болар», - деді М. Әшімбаев форумда пікір алмасу кезінде.
Осы орайда ол Қазақстан өзінің тәуелсіздігін нығайтуды, экономиканы дамытуды басты мақсат ретінде қойғанын айтты.
«Осы мақсат аясында алпауыт мемлекеттермен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Мәселен, АҚШ Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі саналады. Америка компаниялары Қазақстанның . энергетика саласына көп инвестиция салды. Сондықтан біз олармен жұмыс істеп, жаңа жобаларды іске асырғымыз келеді. Бұл ретте Қытайдың, Еуропаның компаниялармен бірге жұмыс істеуге мүдделіміз. Көршілес Ресей де біздің басты серіктестеріміздің бірі. Атап айтқанда, ұлттық мүдде тұрғысында барлық елдермен жақсы қарым-қатынаста жалғастырамыз», - деді Сенат төрағасы.
Оның пайымынша, өткен ғасырда қалыптасқан ескі түсініктерден алшақтау керек.
«Қазіргі кезде халықаралық жүйе ірі мемлекеттердің мүддесі төңірегінде дамып келеді. Менің ойымша, бұл көзқарас 21 ғасырда дұрыс емес. Бізге барлық елдің мүддесі аясында теңгерімді ескеретін, сондай-ақ барлық елге бірдей құрметпен қарайтын жаңа парадигма қажет. Бұл өз кезегінде жаңа басымдықтардың бірі», - деді Мәулен Әшімбаев.