Қазақстан өзінде қалдыратын және экспорттайтын спутниктер тізімін айқындады
АСТАНА. KAZINFORM – Космомониторингтің бес жылдағы экономикалық тиімділігі 977 мрд теңге болды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
- Тағы бір бағыт – отандық спутниктік жүйелерді дамыту және экспортқа шығу. Байланысты екі KazSat спутнигі қамтамасыз етіп жатыр. Кіріс көлемі – 72 млрд теңге. 2029 жылға дейін қолданыстағы аппараттарды алмастыру үшін KazSat-3R спутнигін жасау көзделген. Жерді қашықтан зондтау жүйесінде 3 спутник жұмыс істейді. Космомониторингтің бес жылдағы экономикалық тиімділігі 977 млрд теңге болды, - деді Ж.Мәдиев.
Оның айтуынша, түсірілімнің дәлдігін арттыру және қамту аумағын кеңейту үшін 6 жаңа спутник жасау ескерілген.
- Олардың үшеуі – жоғары, үшеуі – орташа рұқсаттамадағы аппараттар. Моңғолия, Конго және Нигериямен 3 экспорттық жоба іске асырылып жатыр. Экспорт көлемі 70 миллион доллар. 2030 жылға қарай 14 спутниктен тұратын халықаралық топтама құру жоспарланған, - деді министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Үкімет басшысы Олжас Бектенов ведомстволарға дрондық логистиканы дамытуға қатысты тапсырма берді.