Қазақстан Паралимпиадалық құрамасы IWAS-2013 Бүкіләлемдік ойындарының бірінші күнінде бес алтын иеленді

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Паралимпиадалық құрамасы IWAS-2013 Бүкіләлемдік ойындарының бірінші күнінде бес алтын, екі күміс және үш қола жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстан Паралимпиадалық құрамасы IWAS-2013 Бүкіләлемдік ойындарының бірінші күнінде бес алтын иеленді

Атап айтқанда, Голландияның Стадсканаал қаласында (IWAS) Бүкіләлемдік ойындары өтіп жатыр. Жарысқа әлемнің 35 елінен жалпы саны 500-ден астам спортшы қатысады. Аталмыш сайысқа Қазақстанның атынан 16 қатысушы спорттың үш түрі бойынша сынға түседі (1 - садақпен ату, 6 - жеңіл атлетика, 9 - жүзу).

ҚР құрамасының қоржынына алтын жүлделерді Михаил Еременко (жүзу, 50 м, еркін стиль), алматылық Равиль Мансурбаев (диск лақтыру), қостанайлық Павел Сидорчук (ядро лақтыру) салды.

Қазақстандық делегация мүшелерінің ішіндегі ең танымал паралимпиадашы - жүзуден халықаралық дәрежедегі ҚР спорт шебері, мүгедектер арасындағы Бүкіләлемдік Ойындардың Жеңімпазы 2011 ж. (Шардж қ., БАӘ) Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері (Монреаль қ., Канада) Зульфия Ғабидуллина (жүзу, еркін стиль, 50 м. және 200 м.) екі бірдей алтын жүлдені қанжығасына байлады.

Күміс жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Алина Михайлова (жүзу, 50 м., еркін стиль) және Батыс Қазақстан облысының спортшысы Руслан Өтебалиев (жүзу, 50 м., еркін стиль) иеленді.

Ал қола жүлдені Маңғыстау облысының өкілі Эллина Байдельдинова (жүзу, 50 м., еркін стиль), Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Владимир Эрман (жүзу, 50 м., еркін стиль) және Алматы облысының өкілі Ирина Тыщенко (дискі лақтыру) иеленді.

Ұлттық паралимпиадалық комитетінің демеушісі - "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры.

Естеріңізге сала кетейік, Бүкіләлемдік ойындары екі жылда бір рет өткізіліп отырады. Өткен ойындар Бангалор (Үндістан) қаласында 2009 жылы және 2011 жылы Шардж (БАӘ) қаласында өткен болатын.