Қазақстан Парламентінде демократияның жаңа дәстүрлері қалыптасып жатыр - М. Әшімбаев
АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламентінде демократияның жаңа дәстүрлері қалыптасып жатыр. Бүгін Астанадағы Ұлттық мұрағат ғимаратында халықпен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев осылай мәлім етті.
Кездесу барысында заң шығармашылығы қызметіне тоқталған депутат көппартиялы Мәжілістің ерекшелігіне де мән беріп өтті. «Жалпы бұл аса дұрыс үрдіс. Өйткені, әртүрлі партияның өкілдері болғандықтан, онда түрлі пікірлер айтылады, әртүрлі ойлар, ұстанымдар болады. Ал сондай пікір алшақтығы заңдарды сапалы пысықтау үшін аса қажет дүние. Сондықтан да, Парламентте демократияның, парламентаризмнің жаңа дәстүрлері қалыптасып жатыр деуге болады», - деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, соңғы жаңалықтарға орай, Қазақстанның саяси жүйесінде Парламенттің де рөлі артып келеді. «Сондықтан да, демократиялық үрдістерді толық қолдаймыз. Ал көппартиялы Парламент бірінші сессияның өзінде қыруар жұмыстар атқара алды», - деді Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Депутаттың сөзіне қарағанда, бесінші Парламенттің бірінші сессиясында Мәжіліс депутаттары 70 заң жобасымен жұмыс істеп, оның 39-ын Сенаттың қарауына жіберген. Ал соның 22-сіне Мемлекет басшысы қол қойып, күшіне енгізген. Кездесу барысында депутат, қабылданған заңдарда қамтылған бірқатар жаңалықтарға да тоқталып өтті.