Қазақстан парникті газдар деңгейін 1992 жылға қарағанда 2020 жылы 15 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр - Н. Әшімов

АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Қазақстан парникті газдар деңгейін 1992 жылға қарағанда 2020 жылы 15 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр.

Қазақстан парникті газдар деңгейін 1992 жылға қарағанда 2020 жылы 15 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр - Н. Әшімов

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан ғаламдық климаттың өзгеруіне қатысты халықаралық үдерістеге белсенді араласып келеді. 2009 жылы осы бағыттағы Киото хаттамасы ратификацияланды. Осыған орай, халықаралық деңгейде Қазақстан үш маңызды шешім қабылдады. Атап айтқанда, Киото хаттамасы мақсатында елімізді  1 Ереже бойынша анықтайтын Марракеш шешімі қабылданды. Екіншіден, Найроби шешімі бойынша Қазақстан үшін 1992 жылғы базалық көрсеткіштер анықталады. Үшіншіден, Познан шешімі бойынша Қазақстан өзіне 2008-2012 жылдар аралығында шығарындылар көлемін 1992 деңгейден асырмау туралы ерікті міндеттеме алады», деді Н. Әшімов.

Сонымен бірге, Киото хаттамасының орындалу барысында қазақстанның міндеттемелеріне тоқталған министр, қазіргі күні Қазақстан қосылған 1 Ереже бойынша 2020 жылға дейін парникті газдарды шығаруды төмендету бағытында шаралардың қабылданатынын атап өтті. «Еуроодақ 2020 жылға қарай парникті газдарды 1990 жылғы деңгейден 20-30 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр. Ал Жапония, 2005 жылдан 15 пайызға, Канада 2006 жылғыдан 20 пайызға, Ресей 1990 жылғыдан 15, Украина 20 пайызға, АҚШ 2005 жылғыдан 14-18 пайызға төмендетуді болжауда. Бұдан бөлек, Еуроодақ парникті газдарды 2050 жылға қарай 2009 жылғы деңгейден 80 пайызға дейін төмендету туралы өзінің ниетін де білдірген болатын. Ал Қазақстан 1992 жылғы базалық көрсеткіштері деңгейіне қарағанда парникті газдарды шығаруды 2020 жылы 15 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға төмендетуді жоспарлап отыр», деді министр.