Қазақстан-Польша бизнес форумында бірқатар құжаттар рәсімделді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қазақ пен поляк кәсіпкерлерінің форумы басталды. Аталған шара Польша президенті Анджей Дуданың Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтіп жатыр. Түс қайта бизнес форумға екі елдің басшылары қатысады деп болжануда, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форумның бірінші бөлімінде екі елдің өкілдері бір-біріне өз артықшылықтарын таныстырып, бірлескен байланыстарға негіз болатын салаларды пысықтап шықты. Осыдан кейін Қазақстан мен Польшаның бірқатар компаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Атап айтқанда, Павлодар облысында "Агроқалашық" бағдарламасын іске асыру, "KazakhInvest" пен "PolPharma" арасындағы ынтымақтастық, "Қазпошта" мен "Польша поштасы" арасындағы әріптестік, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен PTAK Warsaw EXPO арасында байланыс орнату және басқа да барлығы 10 құжат рәсімделді. Соның ішінде FTC Equity мен Soldir арасында алма бақтарына тамшылап суару жүйесін жеткізу келісімі де бар.
Айта кеткен жөн, Павлодар облысында "Агроқалашық" бағдарламасын іске асыру келісімі аясында Екібастұзда жаңа оқу орнын ашу жоспарланып отыр. Ол жерде ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар даярланбақ .
Бұдан бөлек, поляк кәсіпкерлері Астананың маңайында алып жылыжайды салуға бел байлап отыр.