Қазақстан полицейлері жастарды спортқа баулуда

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай футболдан турнир өтті.

Қазақстан полицейлері жастарды спортқа баулуда

Жарысқа 7-11 сынып оқушыларынан және жергілікті колледж студенттерінен құралған 6 команда  қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат  Ұрұмхановтың бастамасымен өткен турнирдің  мақсаты - жасөспірімдерді спортқа баулу, бос уақытты тиімді пайдалануға үйрету және полиция қызметін насихаттау.

Аталған турнир барысында жергілікті «Жетісу» футбол клубының ойыншылары шеберлік сабағын өткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарты күнге созылған тартысты турнирде жүлделі үшінші орын алған Политехникалық колледждің «Барыс» командасының ойыншылары департамент атынан фирмалық футбол киімдерімен және арнайы грамотамен марапатталды. Екінші орын алған Политехникалық колледждің «Сұңқар» командасына былғары доп пен грамота табысталды. Ал бірінші орынды иеленген №25 мектептің «Қыран» командасының футболшылары фирмалық футбол киімдерін, былғары доп пен грамота алды.

null

Барлық жүлдегер командаларға кубоктар табысталды. Сондай-ақ, турнир нәтижесінде «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы» номинациялары бойынша грамоталар мен сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, әрбір қатысушыға «Қазақстан полициясына 25 жыл» логотипі бар арнайы әзірленген футболкалар таратылды.

Соңында ойыншылардың қатысуымен әйгілі «Mannequin challenge» флэш-мобы түсіріліп, оқушылар полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.