Қазақстан православтары Рождество мерекесінде бас қосты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның православ христиандары шіркеулер мен храмдарда Рождествоға байланысты жасалатын діни рәсімдерін атқаруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматылық православтар Вознесен шіркеуіне жиналып, құлшылық жасады. Құдайға мадақ айту мерекелік шарасы 6 қаңтар сағат 23-00-де басталған болатын. Көне ілімнің өсиеті бойынша бұл күні 40 күндік ораза аяқталып, адам рухының шаттыққа бөленетін сәті. Осыған байланысты бүгін, 7 қаңтарда мерекелік дастархан жайылып, барлық храмдарда құлшылықтар атқарылды.
«Барлығыңызды Христостың дүниеге келген күнімен және жаңа жылмен құттықтаймын. Вифлиеем жұлдызы біздің жүрегімізді тазартып, Христостың жолымен жүруге қуат пен жәрдем берсін. Құдай біздің рухымыз бен тәнімізге күш-қуат беріп, өзінің мейірім шапағатын төксін. Біз рождество күндері ең маңызды мәселе - тыныштық пен бейбітшілікті тілейміз. Тыныштық әр шаңырақта, ағайын-туыс арасында, түрлі наным-сенімдегі адамдар мен ұлттар арасында болсын», - деді Қазақстан және Астана митрополиті Александр.
Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстан православтары қасиетті Вернен Пименінің азаппан өлтірілгеніне 100 жыл толғанын атап өтеді. Вернен Пимені ХХ ғасырдың басында Қазақстан жеріндегі православие үшін жан берген алғашқы қасірет шегуші. Сонымен қатар, биыл Қазақстан митрополит округының құрылғанына 15 жыл, Иосиф митрополиттің туғанына 125 жыл толғаны аталып өтілмек.