Қазақстан Премьер-Лигасы: «Қайрат» - «Ертіс» 1:0
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Орталық стадионында футболдан Қазақстан Премьер-Лигасының 11-ші туры аясында «Қайрат» футбол командасы мен Павлодардың «Ертіс» футбол клубының кездесуі аяқталды. Аса тартысты өткен матчта алматылықтар қарсыластарын 1:0 есебімен жеңді.
Командалар жасыл алаңға мынадай құрамда шықты:
«Қайрат» ФК: Владимир Плотников, Ермек Қуантаев, Тимур Рудосельский, Жарко Маркович, Лукаш Тесак, Анатолий Тимощук, Михаил Бакаев, Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан, Исаэль Барбоза, Жерар Гоу.
Запастағылар: Андрей Сидельников, Ян Вороговский, Аслан Дарабаев, Станислав Лунин, Гаэль Тавамба, Рифат Нұрмұғамбет, Ділшат Мұсаев, Андрей Аршавин.
«Ертіс» ФК: Давид Лория, Томаш Жирсак, Карлос Фонсека, Георгас Фрейдгеймас, Семир Керла, Оусман Джаллоу, Пірәлі Әлиев, Руслан Есімов, Елдос Ахметов, Роман Мұртазаев, Сергей Малый.
Запастағылар: Антон Цирин, Гогита Гогуа, Игнасио Эррера Фернандес, Байе Джиби Фаль, Григорий Сартаков, Қазбек Гетериев, Әлібек Аяғанов, Владимир Воменко, Артем Попов.
Ойын бастала салысымен алаң иелері, жанкүйерлердің қызу қолдауымен ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, батыл шабуылға көшті. «Қайраттықтар» қарсыластардың қақпасын айып алаңының сыртынан нысанаға алуға тырысты. Осындай алма-кезек шабуылдардың бірі сәтті аяқталды. Ойынның 21-ші минутында Жерар Гоу қарсыластардың айып алаңының сыртынан Исаэль Барбозаға тамаша пас берді. Айып алаңына ентелей кірген Исаэль екі қорғаушыны және қақпашыны алдап өтіп есеп ашты. Бірінші тайм осындай есеппен аяқталды.
Ойынның екінші кезеңінде «қайраттықтар» шабуылды барынша үдетті. Дегенмен, ол нәтиже бермеді. Қонақтар да қапысын тауып қарымта шабуыл ұйымдастыруға тырысып бақты. Бұл жерде қақпашылардың шеберлігін айта кеткен жөн. Плотников та, Лория да қақпаға тебілген доптарды дарытпауға бар күштерін салды.
Ойынның 89-шы минутында алаңға шыққан Андрей Аршавин алаң ортасынан айып алаңына қарай Исаэльге тамаша пас берген еді, алайда қақпашының алдына жеке-дара шыққан ол, мүлт кетті. Артынша, «Қайрат» командасының қақпашысы Плотников серпіле ұмтылып, қақпаны голдан сақтап қалды. Ойынның 90-шы минутында «Ертіс» командасының жартылай қорғаушысы Сергей Малый дөрекі ойыны үшін алаңнан қуылды.
Екінші таймда есеп ашылмады.
«Қайрат» командасы 1:0 есебімен жеңіске жетті.