Қазақстан Президенті елордада Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашудың маңызын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Бұл туралы Черногория Президенті Яков Милатовичпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
Президент Қазақстанның Черногориямен серіктестік қарым-қатынасты жандандыруға ниетті екенін жеткізіп, соңғы жылдары тұрақты сипат алған жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың арқасында ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Подгорицада Қазақстан Бас консулдығының ашылуы Астананың екіжақты байланыстарды барынша кеңейтуге бейіл екенін көрсетеді.
Осы орайда Президент елордамызда Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашу, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды күшейту жөніндегі қарымта қадамдардың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы бизнес өкілдерінің бүгінгі кездесуі мен сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум іскерлік қатынастарды дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
– Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Черногория Президентін қарсы алды.