Қазақстан Президенті Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесіп, көңіл айтты
ДОХА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге және оның әулетіне Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты көңіл айту үшін Дохаға барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент қуатты әрі өркендеген Қатар мемлекетін құруға шейх Хамадтың елеулі үлес қосқанын атап өтті.
— Ол көрнекті мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасып, табысты дамуына шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни зор еңбек сіңірді.
Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келді. Әмірді 1999 жылы сәуірдегі бірінші сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат ведомствосының басшысы қызметінде қарсы алған.
Мемлекет басшысы шейх Хамадтың қолдауымен Астанада алғашқы еңселі әл-Фараби мешіті бой көтергенін, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын ризашылықпен еске алды.
— Осындай қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз, — деді Қазақстан Президенті.
Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арнайы қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, бұл Қатар мен Қазақстан халықтары арасындағы бауырластық байланыстардың айрықша сипатын көрсететіне назар аударды.
Қатар тарапының бастамасымен мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық ахуал, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдай туралы пікір алмасты.
Президент Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақыратынын растады. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шақыруды ықыласпен қабыл алды.
Еске салсақ, Қатардың бұрынғы әмірі, ресми түрде «Әмір әке» атағын иеленген шейх Хамад бен Халифа Әл Тани 74 жасында дүниеден өткені белгілі болды.
Елде бұрынғы әмірдің қазасына байланысты төрт күндік аза тұту жарияланды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Моңғолия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдағанын жазған едік.