Қазақстан Президенті әйелдің еркектерге ықпалы жайында әзіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен өткен «Көктем шуағы» атты кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әйелдің ер-азаматтарға ықпалы жайында әзіл айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Президенті әйелдің еркектерге ықпалы жайында әзіл айтты

«12 жыл бұрын биліктегі әйелдер үлесін 30 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырма берген едім. Ол кезде ол мүмкін еместей көрінген болатын. Мемлекеттік аппарат негізінен еркектер болды. Әрине, олар әйелдермен ақылдасып отырғанымен шешімді өздері қабылдайтын. Еркектер өзімшілдеу. Дегенмен әйелдер арасында да ондайлар кездесіп жатады. Ерлі-зайыптылар ұрсысып қалыпты. Сонда әйелі: «Осылай ұрсыса береміз бе? Кел, татуласайық та. Екеуіміз де кінәліміз, бірақ сенің кінәң ауырлау», деген екен», - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Мәжіліс депутаттарының 27 пайызы, өңірлердегі мәслихаттар депутаттарының 22 пайызы әйелдерден жасақталған.

«Яғни, мемлекеттік мәселелерді шешуге ықпал етеді. Мемлекеттік қызметшілердің «Б» корпусының 55 пайызы да әйелдер. Әйелдердің 40 пайызы маңызды саяси, оның ішінде орталық мемлекеттік органдарда лауазымдарды иеленген,  73-і резервте. Президент аппаратында да қыздар мен әйелдер басым», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев жеке кәсіпкерліктің тең жартысы, шағын және орта бизнестің  42 пайызы әйел азаматтардың қолында екендігін атап өтті.