Қазақстан Президенті БҰҰ аясында ауған халқына жан-жақты көмектің ауқымын кеңейтуге шақырды
СИАНЬ. ҚазАқпарат – БҰҰ аясында ауған халқына жан-жақты көмектің ауқымын кеңейту қажет. Бұл туралы «Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауғанстанға тоқталсақ, осы елдегі ахуал әлі де өңір елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіріп тұрған мәселенің бірі деп санаймыз. Бұл елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алу үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін қолдауды жалғастыру маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент бір ай бұрын Қазақстан Ауғанстанға кезекті көмек пакеті түрінде азық-түлік өнімдерін жөнелткенін еске салды.
«БҰҰ аясында ауған халқына жан-жақты көмектің ауқымын кеңейту қажет. Осы тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру бастамасы өзекті болып тұр», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысушылар Сиань декларациясына қол қойды.