Қазақстан Президенті ЕАЭО банктерін АХҚО-ға шақырды

СОЧИ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы институттарын «Астана» халықаралық қаржы орталығына шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Президенті ЕАЭО банктерін АХҚО-ға шақырды

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі базасында қаржы, «жасыл» технологиялар және ІТ-стартаптар бойынша үш халықаралық орталықтың құрылатындығын айтты.

«Осылайша, бүкіл көрме кешені мұнан әрі инновациялық тұрақты даму міндеттеріне қызмет ететін болады. Осыған орай, мыналарды ұсынамын. Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қаржы институттарын 4 шілде күні ашылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіншіліктерін пайдалануға шақырамын. Екіншіден, ЭКСПО аумағында қосалқы консультативтік-кеңестік органдардың, іскерлік кеңестердің отырыстарын қоса алғанда ЕАЭО-ның қаржылық блогының іс-шараларын өткізуді ұсынамын», - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық күнтәртіпті жүзеге асыру аясында алдағы уақытта ашылатын ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі базасында ЕАЭО аясындағы цифрлық жобалар мен бастамаларды басқару кеңсесі жұмысын ұйымдастыруды ұсынды.

«Экспорттық алаңның толыққанды жұмыс істеуі үшін сіздер үшін қажетті барлық жағдай жасалатын болады», деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Ресейдің Сочи қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы өтуде. Шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысуда.  Басқосуда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы көпбағытты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері, ұйымның ұйымдастыру-кадрлық бағыттағы шаралары мен ағымдағы жұмыс барысы сөз болады деп күтіледі. Күн тәртібіне 15 мәселе қойылған. Олардың екеуі шағын құрамда қаралады.