Қазақстан Президенті қазанда Швецияға сапармен барады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Швеция Риксдагының (парламенті) спикері Урбан Алинмен кездесті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Кездесуді ашу барысында Қ. Тоқаев екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сенат жетекшісі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы қазан айына белгіленген Стокгольмге сапары екі ел арасындағы, әсіресе сауда мен инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеретіндігіне сенім білдірді.
Швеция инновациялық жобаларды жүзеге асыруда әлемдік көшбасшылардың бірі. Осыған байланысты Қ.Тоқаев еліміздің аумағына жоғары технологиялық өндірістер салуға дайын швед компанияларының Қазақстан нарығына енуіне қызығушылық білдірді.
Сондай-ақ, Сенат спикері жаңартылатын энергияны қолдану бойынша Швецияның тәжірибесі Қазақстанда сұранысқа ие болуы мүмкін екендігін жеткізді.
Қ. Тоқаев Швеция парламентінің Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестікті кеңейту және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялаған алғашқы мемлекеттердің бірі болғанын атап өтті. Еуропалық Одақ сәйкесінше, Астананың жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі.