Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өз еліне зор пайда әкелген әлемдік көшбасшылардың алғашқы бестігіне енді
Сол тізімдегі үздік бестіктің қатарынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та орын алды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазды (авторы - Серік Пірназар).
Тізім жаһанның 5 құрлығындағы 68 елдің 303 сарапшысы берген жауаптардың негізінде түзілген.
Топ-5 көшбасшыларын Германияның канцлері Ангела Меркель бастайды. Ал бұдан кейінгі орындарға Қытайдың экс-басшысы Ху Цзиньтао, Ресей Президенті Владимир Путин, Венесуэланың бұрынғы лидері Уго Чавес және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев орналасқан.
Сарапшылардың пайымынша, кешегі кеңестік кеңістіктен шыққан жас мемлекеттер үшін осы кезге дейін шын мәнінде «мамыра-жай заман» болған емес. Олардың тәуелсіздік жылдарынан бергі әрбір жылы мен айы, аптасы мен күні ұдайы ілгері ұмтылумен, үнемі әлденені іздестірумен, әрдайым әр нәрсені жетілдіре түсу жолында тірлік етумен өтіп келеді. Мұның бәрі, айналып келгенде, бұл елдердің іргелерін бекітіп, керегелерін нықтауларына арналды. Солардың арасындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді қимылы мен миссиясы қашанда «мемлекеттік менеджменттік» шеңбері аясынан шығып кетіп, Ұлттың атасы деген сипаттаманың қауызына лайық келетін ұлан-ғайыр тірліктермен ұштасып жатты.
Салыстырмалы дерек үшін айта кетейік, сарапшылар мемлекеттер басшыларын бұдан бөлек, «елдің бұрынғы позициясын жоғалтушылар» және «ешқандай өзгеріс жасамағандар» деп аталатын тағы екі категорияға бөліп қарастырған екен. Бұлардың алғашқылары легінің көшін АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш-кішісі бастайды. Осындай «антилидерлер» тобында Сирия басшысы Хафез Асад, Ливияның бұрынғы лидері Муамар Кадаффи және Египеттің экс-президенті Хосни Мубарак бар. Ал өз елдерінің дамуларына айтарлықтай үлес қоса алмаған қайраткерлер тобының алдында Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози мен Кубаның осы кезгі басшысы Рауль Кастро тұр.