Қазақстан Президенті отандық дипломатияның ширек ғасырдағы жетістіктерін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның дүниежүзіндегі бейбітшілік пен ынтымақтастыққа қосатын үлесі жылдан жылға артып келе жатыр. Бүгін Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшыларымен дәстүрлі кездесуі барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақстан Президенті отандық дипломатияның ширек ғасырдағы жетістіктерін атады

Кездесу барысында Қазақстан Президенті ширек ғасырда отандық сыртқы саясат қалыптасып, елдің игілігі үшін жұмыс істеп жатқандығын баса айтты.

«Біріншіден, біз өзіміздің ұлттық тәуелсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қорғап қалдық. Бұл жолда дипломаттардың істеген жұмысы аз емес. Қауіпсіздік кепілдіктерін алып, төңірегімізде тату көршілік белдеуін құрдық. Екіншіден, қазіргі таңда Астана халықаралық антиядролық қозғалыстың басшысы болып танылып отыр және стратегиялық тұрақтылық пен әділетті әлемді қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отырған мемлекет. Үшіншіден, Қазақстан аумақтық экономикалық интеграция, кооперацияның ауқымды жобаларының бастамашысы. Бүкіл дүниежүзілік қауымдастық бұл шаруамызды қолдап отырғанын білесіздер», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Тәуелсіз Қазақстан жүргізіп келе жатқан көпвекторлы саясат, халықаралық бастамалары әлемге кең танылып, қолдауға ие болды.

«Еліміздің дәрежесі көтерілді. Қазақстанның дүниежүзіндегі бейбітшілік пен ынтымақтастыққа қосатын үлесі жылдан жылға артып келе жатыр. Бұл өте үлкен еңбектің арқасы. Соның ішінде біздің дипломаттардың да жасаған жұмысы ерен», - деді Елбасы.