Қазақстан Президенті өз халқының сүйіспеншілігі мен құрметі үшін мақтана алады - Михаил Гусман

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мерекесі қарсаңында Ресейдің «ТАСС» ақпарат агенттігі бас директорының бірінші орынбасары, шеф-редакторы, саясаттанушы Михаил Гусман Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жайындағы өз ойларымен бөліскен болатын.
None
None

«Мен Шығыста дүниеге келгенмін әрі мені ата-анам ең үлкен қуаныш, ең зор құрмет, ең үлкен бақыт ақылды адамдармен әңгімелесу деп тәрбиелеген болатын. Бұл тұрғыда менің жолым болды. Өйткені, мен Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше мәрте әңгімелесу құрметіне, бақытына ие болған едім», - деді М.Гусман.

Ол 15 жылдың ішінде Елбасымен сан мәрте сұхбат жасағанын, Алматыда, сәні мен салтанаты келіскен жаңа Астанада, тіпті бір рет Вашингтонда да сұхбат алудың сәті түскенін атап өтті.

«Мына бір қызықты детальді атап өтуге тиіспін: Онымен мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқанымда, уақыт өз жылдамдығын батыл өзгертіп жібергендей көрінді», - деді М.Гусман.

Оның түсіндіруінше, бұл Нұрсұлтан Әбішұлының қуатты энергетикаға, жаңа идеялар мен ойларға ие болуына, өз жоспарларының, ойларының нәтижесіне, өзінің алдына, елдің алдына, Қазақстан халқы алдына қойған міндеттерді жүзеге асыруға деген жастардағыдай өжет қызығушылығына байланысты.

«Ал бұл жайт ешкімді бей-жай қалдырмайды, таңданысын тудырмай қоймайды. Өйткені, тек Астананың өзі ғана Нұрсұлтан Әбішұлының қандай міндеттерді алға қойып, оны шешуге қалай қол жеткізетіндігінің жарқын көрінісі бола алады. Ол төлтумасы - Қазақстанның елордасы Астана жайында айтқан кезде өзінің ет жақын туысы жайында айтып отырғандай сезім тудырады. Қазақстанның елордасы - Астана әлемдік қаржы орталығына айналады. Ал егер Қазақстан жайында айтар болсақ, онда ол әлемдегі ең озық елдердің бірі, көпшілік үлгі алатын мемлекет. Халықаралық ірі шараларды өткізетін, оның біразын осы уақытқа дейін өткізіп үлгерген, алда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізетін ел. Бүгінде Қазақстан бұл халықаралық шараға тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізуде», - деді ол.

«Мұның барлығында да Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегі бар», - деп қосты М.Гусман.

М.Гусман ҚР Президентінің әлемдік интеграциялық үдерістердегі баға жетпес рөлін, олардың әлемдік қоғамдастықта зор бағаға ие болып отырғандығын атап өтіп, Елбасының ауқымды стратегиялық ойлай білу сынды көрегенділік қасиетін бағалауға мүмкіндік беретінін де баса айтты.

«Осыдан көптеген жыл бұрын айтылған Еуразиялық одақ идеясы - бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы. Мұны Ресей Президенті Владимир Владимирович Путин де баса атап өткен болатын. Ал бұл идеяны бастапқыда көпшілігі біршама түсінбеушілікпен қабылдаған еді. Еуразиялық одақтың қалай жұмыс істейтіндігі, тіпті оның қалай жүзеге асырылатындығы жайында түсінік те болмаған-ды. Бірақ, идея өте жанды әрі өмірге қабілетті болып шықты. Оған біздің, Ресейдің де, Қазақстанның да және Беларусьтың да халқы қажетсінетіндігі анықталды. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Әбішұлы сынды ауқымды стратегиялық ойлау қабілетіне ие адамның таң қаларлық көрегендігін атап өткен орынды», - деді М.Гусман.

«Оның мерейтойына байланысты фильм жасау мүмкіншілігім болғаны үшін мақтанамын. Оның әр сөзін мұқият тыңдадым. Өйткені, ол көкжиекке көз жіберіп, алдағы күнді дәл болжайтын көрегендігін бірнеше мәрте дәлелдеген болатын. Сондықтан да оның болашақ жайында айтқандары қиял-ғажайып не болмаса арман емес. Бұл ол сөзсіз қол жеткізетін жайт», - деді саясаттанушы.

Оның атап өтуінше, ҚР Президенті біздің елдеріміздің әрқайсысының ерекшеліктерін, мәдени, экономикалық, саяси дәстүрлерін ескере отырып үлкен интеграцияның, мол өзара іс-қимылдың қажеттігі туралы айтқан кезде - бұл сөздердің ар жағында Елбасының шынайы істері мен шынайы шешімдері жатыр десек артық айтқандық емес.

«Оның өн-бойында әлі де жасампаз энергия буырқанып жатыр», - деп атап өтті ол.

М.Гусман өз сөзінде әлі күнге дейін ешімге айтпаған Елбасымен кездесуіндегі қызықты сәттердің бірін айтып берді.

«Астанада болған кезімізде Нұрсұлтан Әбішұлымен сұхбат жайында уағдаластық. Біздер сұхбат аяқталғаннан кейін қаланы аралап, ол өзі елорданы көрсететін болып келіскенбіз. Бірақ, біз оның резиденциясынан шыққанымызда астананың қатты желі қарсы алып, күн бұлттанып кетті. Өкінішке орай, біздің жоспарымыздың орындалмайтындығы анық еді. Мен батылдық танытып: «Нұрсұлтан Әбішұлы, мен сізге келесі жолы сұхбат алуға келгенімде сіз бен біз қаланы аралап көрейік», - дедім. Ол: «жақсы, келістік», - деп жауап берді.

Міне, сонымен 1 маусым күні мен сұхбат алу үшін тағы келдім. Осы жолы да екінші мәрте батылданып: «Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің қарызыңыз бар», - дедім. Ол: «Қандай?», - деп сұрады. Мен: «Сіз менімен бірге Астананы аралауға уәде бергенсіз», - дедім. Ол: «Сөзіңде тұру керек», - деді. Біз осылайше елорданы араладық.

М.Гусман біздің елордамыздың сұлулығын атап өтіп, Астанада көрген жарқын көріністерге байланысты өзінің ойларымен де бөлісті. Ол елорданы Елбасымен аралау барысында халықтың өз Президентін қалай қарсы алғандығын да айтып берді.

«Астананың символы - «Бәйтерек» монументіне келдік. Ол жерде қыдырып жүрген қалалықтар, туристер, немересін ерткен әжелер, жас жұбайлар болды. Нұрсұлтан Әбішұлын халықтың қарсы алуы көңіл босатарлық көрініс болды», - деді ол.

Саясаттанушы Президенттің жүздеген адамның қолын қысып, жастардың, қарттардың қасына барып әңгімелескенін ерекше толқыныспен атап өтті. «Мен оның жасампаздықтың таусылмас энергиясын қайдан алатындығын түсіндім», - деді ол.

«Билік басында бірнеше жыл өткізген Нұрсұлтан Әбішұлы әлі күнге дейін таң қаларлық, естен тандырарлық беделге ие. Оның дәлелі - соңғы президенттік сайлау нәтижесі. Бірақ, Сайлау комиссиясы көрсететін цифр бір бөлек, Мемлекет басшысына халықтың шынайы қарым-қатынасын көру бір бөлек. Олар өз Президенттерін шынайы сүйіспеншілікпен, шынайылықпен қарсы алады», - деді М.Гусман.

«Бұл әрбір көшбасшысы мақтануы тиісті жайт. Ал Нұрсұлтан Әбішұлының шын мәнінде мақтануға толық құқығы бар», - деп түйіндеді ойын ол.

Соңғы жаңалықтар