Қазақстан Президенті ретінде қазақ-қырғыз байланыстарын дамытуға мүдделімін - Қасым-Жомарт Тоқаев

БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қазақ-қырғыз қатынастарын жаңа сатыға көтеру үшін күш-жігерімізді біріктіреміз. Бұл туралы Бішкекке мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Президенті ретінде қазақ-қырғыз байланыстарын дамытуға мүдделімін - Қасым-Жомарт Тоқаев

«Бүгінгі бауырлас Қырғызстанға мемлекеттік сапарымның мән-маңызы ерекше. Мұның себебі баршамызға айқын. Ежелден біздің елдерімізді мызғымас достық байланыстар, тамыры терең ортақ тарих, тіл және мәдениет біріктіреді. Ата-бабалардан мирас болып қалған осы берік арқаудың негізінде екі ел арасындағы одақтастық пен стратегиялық ынтамақтастық дамып келе жатыр. Сондықтан осы құндылықтарды еселеп, қазақ-қырғыз қатынастарын жаңа сатыға көтеру үшін күш-жігерімізді біріктіріп, жұмыс істейміз деп сенемін», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында екі ел өзара қарым-қатыныстарды табысты құрып келе жатқанын атап өтті. Осы қатынастар одақтастық әрі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Бұл іске Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баға жетпес үлес қосты.

«Сонымен қатар, Қырығызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің де маңызды үлесін атап өткен жөн. Ол Қырғыз Республикасын басқарғалы бері біздің елдер арасындағы ынтымақтастық тың серпін алды», - деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Қазақстан Президенті ретінде жан-жақты қазақ-қырғыз өзара іс-қимылын дамытуға мүдделемін. Бүгін қол қойылған Бірлескен декларация осыған дәлел болып отыр. Шағын құрамдағы кездесу барысында тыңғылықты келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар, біз үкімет мүшелерінің және өңірлер басшыларының қатысуымен Жоғары мемлекетаралық кеңестің кезекті отырысын жемісті өткіздік. Қос делегация тарапынан ең жоғары деңгейдегі өкілдер болды. Сауда-экономикалық байланыстарға айрықша назар аударылды», - деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.