Қазақстан Президенті түрік компанияларын Түркістанды дамытуға шақырды

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркияның бизнес капитандарымен кездесуі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларды Түркістанды дамытуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуеті зор салалардың бірі - туризм. Бұл ретте екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде аң аулау, балық аулау, мәдениет, білім беру, медициналық және басқа да туризм түрлерін қарастыруға болады. Түрік компанияларының мол тәжірибесін ескере отырып, оларды туризм саласын дамытуға едәуір үлес қосады деп сенемін. Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, қазір Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы, барлығымыздың арамыздағы жағдай басқаша, дұрыс болып келе жатыр. Қырғызстанда Түрік кеңесін өткіздік, қарым-қатынасты жетілдіреміз деп айттық. Осыған байланысты біз көп жұмыс істеуіміз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміз Түркістан қаласын облыс орталығы деп жариялап, аталған орталықты жетілдіру мақсатында жұмыс бастап кеткенін айтты.

«Жақында мен барлық мәселесін қарадым. Облыстың орталығы сол жерге көшіп барды, енді құрылыстарын жасау керек. Түркістан барлығымыздың ортақ рухани орталығымыз. Бір жылда миллион турис келді. Осыған Сіздердің де көмектеріңіз тиеді деп ойлаймыз»,- деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономиканы жедел жаңғыртуға, технологиялар мен инновацияларды енгізуге бағыт алып отырғандығын да айтты.

«Осыған байланысты барлық салаларды қамтитын «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Жақында Астанада ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылды. Ол дүниежүзінің ІТ-кәсіпкерлерін және инвесторларын тартып, технологиялық компанияларды қалыптастыруға ықпал етеді. Осының барлығын тиімді әріптестікке мүмкіндік беретін алаң ретінде қарастырамыз», - деді Мемлекет басшысы.



Фото: sxodim.com

Соңғы жаңалықтар
telegram