Қазақстан Президенті жылына 3 мың тонна ет өңдейтін кешенді іске қосты
«Кұрметті Елбасы! Біздің ұн шығаратын диірмен кешені ауыл шаруашылығы саласын қолдау және «Цифрлық Қазақстан» екі бірдей мемлекеттік бағдарламаның жемісі. Бұл ірі кешенді планшеттен басқаруға болады. Цифрлық технологияларсыз дамыған 30 елдің қатарына кіру мүмкін емес. Біз, ауыл шаруашылығы мамандары, жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің маңыздылығын жақсы түсінеміз», - деді «Карат» ЖШС атқарушы директоры Рашид Отаров.
Ал «Айтас KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев ҚР Президентінен Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңін іске қосуды сұрады.
«Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Жұмыс сапарымен біздің зауытымызға келгеніңізде қуаттылығы 50 мың тонна болатын елімізде ғана емес, түгел Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасын салуға тапсырма берген едіңіз. Тапсырмаңызды бұлжытпай орындадық. Бүгін еліміздегі құс етінің импортын 30 пайызға азайтып, экспортты ұлғайтатын жаңа құс фабрикасының бірінші кезегін іске қосуға дайынбыз. Бұл жоба - Астана азық-түлік белдеуінің бір бөлігі», - деді ол.
«Торғай Ет» ЖШС директоры Расул Мұканов болса, Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет мемлекет қолдауымен Торғай өңірінде ет өңдеу кешенін тұрғызғандықтарын айтты.
«Кәсіпорын жылына 3 мың тонна ет өңдеуге дайын. Алдағы уақытта қуаты жылына 5 мың бас болатын мал бордақылау алаңын саламыз. Осылайша, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарының өңіраралық кооперациясы аясында ет кластерін дамытатын боламыз. Құрметті Президент, ауыл шаруашылығы мамандарының еңбегін кезекті рет қолдап, осы саладағы 3 жаңа жобаны іске қосуға рұқсат етіңіз!», - деді Расул Мұқанов.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан үшін ауыл шаурашылығы ең үлкен саланың бірі екендігін баса айтып, үш жобаны да іске қосты.
«Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы ең үлкен саланың бірі. Болашақта үлкен өнім күтетін өндірісіміз. Қазақстанның жері де кең, мүмкіншілігіміз де бар. Тек қана кен байлығы емес, жер байлығы бар. Егер біз осы өндірісті ұлғайтатын болсақ, экспорттық әлеуетіміз күшейеді. Қазақстанға келетін қаражат көбейеді, елдің байлығына жұмыс істейтін болады. Сондықтан бұл үш өндірістің барлығы да қажет. Әсіресе, қазір жағдайы қиын болып тұрған Торғай өңірінде іске қосылған кәсіпорын біраз адамға жұмыс беріп, қуантқан шығар деп ойлаймын. Ет те, сүт те, өңдеу де қажет. Өте жақсы жұмыс істедіңіздер, рахметімді айтамын», - деді Елбасы.