Қазақстан президентін сайлау: Токио мен Сеулде дауыс беру басталды
Жоғарыда аталған екі елдің астаналары Токио мен Сеул қалаларындағы Қазақстан Елшілігі жанынан арнайы сайлау учаскелері ашылған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де, ал астана уақытымен таңғы сағат 04.00-де олар жұмысын бастады.
Қазақстан Республикасының Бейжіңдегі Елшілігі және Гонконг, Шанхай қалаларындағы Бас консулдығы жанындағы сайлау учаскесі астана уақытымен сағат 05.00-де, Тайланд астанасы Бангкоктегі сайлау учаскесі сағат 06.00-де ашылады.
Ең соңғы болып АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Франсиско қаласында орналасқан еліміздің бас консулдығы жанындағы сайлау учаскесі дауыс берушілерді қабылдайды. Бұл қалада дауыс беру астана уақытымен 20 қараша күні сағат кешкі 21.00-де басталады.
Айта кетерлігі, Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанынан, барлығы 53 мемлекетте 68 сайлау учаскесі құрылды. Дауыс беруге қатысу үшін белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік пен туристік мақсатпен жүрген және ҚР азаматының жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары сайлау учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгіне алады.
ҚР шетелдегі мекемелерінде дауыс беру «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 38-бабының 1-тармағына сәйкес сайлау өткізілетін күні (2022 жылғы 20 қараша, жексенбі) жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі.