Қазақстан Президентінің Арнаулы уәкілі Б. Әйтімова Ирландияда сапарда болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің Арнаулы уәкілі - Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімова Ирландияда жұмыс бабындағы сапарда болды.
None
None

Сапардың негізгі мақсаты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын ілгерілету, сондай-ақ екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылау болатын.

Сапар бағдарламасы аясында Б.Әйтімова Ирландия Парламенті Сенатының Төрағасы Пэдди Беркпен кездесіп, оған екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын қолдау туралы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ирландия басшысы М.Хиннинске арналған жолдауын табыс етті.

П.Берк өз тарапынан жолдауға алғысын айта отырып, тәуелсіздік кезеңінде ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да Қазақстан қол жеткізген елеулі жетістіктерді атап өтті.

Кездесу барысында тараптар саяси және экономика салаларындағы екіжақты қатынастарды дамытудың келешегін талқылады. Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша көзқарастардың ұқсастығын айта келіп, екі елдің әлеуетін ескере отырып сауда және инвестициялық ахуалды үдету қажеттігін атап өтті.

Ирландия Парламенті Халықаралық істер және сауда жөніндегі бірлескен комитетінің төрағасы П.Бринмен кездесуде парламентаралық, оның ішінде өзара әріптестікті дамытудың маңызды құралы болып табылатын парламенттік достық тобының байланыстары бойынша үнқатысуды қалыптастырудың маңыздылығы аталып өтілді.

Ирландия СІМ Саяси директоры Б.Робинсонмен және БҰҰ мәселелері жөніндегі директоры К.Келлимен кездесу барысында БҰҰ аясындағы екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ тараптар БҰҰ Бас Ассамблеясының күн тәртібі бойынша мәселелерді талқылады.

Болған кездесулердің бәрінде ирланд тарапы Қазақстандағы қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауы мен «Қазақстан - 2050» Стратегиясының негізгі ережелерімен, сондай-ақ қазіргі кездегі инвестиялық мүмкіндіктерімен таныстырылды және Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырылды.

Соңғы жаңалықтар