Қазақстан Президентінің арнайы уәкілі Катар Мемлекетінің Әмірімен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат – Қазақстан Президентінің арнайы уәкілі, Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім Дохада Катар Мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа әл Танимен кездесті,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен. Қазақстандық сенатор Катар әміршісіне ағымдағы жылы шілденің 12-сінде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезіне шақырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыру қағазын табыс етті. Ғ.Есім Елбасы ұсынған бұл бастаманың мәдениетаралық диалогтың жаһандық үдерісіне қосып отырған Қазақстанның айтулы үлесі екенін атап көрсетті. Қазақстан елордасында өтетін осынау шараға өз қолдауын білдірген Катар әміршісі, Астана съезі мен Дохада жыл сайын өтетін Дінаралық диалог жөніндегі халықаралық конференцияның мақсат-міндеттері жақын екенін айтып өтті. Әмірші сондай-ақ Катар тарабының Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезіне қатысатынын айтты. Ғ.Есім өз сөзінде елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы әңгімелеп берді, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мәселелерімен таныстырып өтті.