Қазақстан Президентінің бастамалары қолдау тапты - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 12-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 12-сі,  сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Қазақстан Президентінің бастамалары қолдау тапты - республикалық  басылымдарға шолу

Кеше Орынборда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің қатысуымен «Энергетика саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында VI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен болатын. Екі мемлекет үшін де маңызды форум жайында «Егемен Қазақстан» газеті «Шынайы ынтымақтастық мемлекеттік шекарадан басталады» атты көлемді мақала берген. «Кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев форум аясында қол қойылғалы отырған құжаттар Қазақстан мен Ресейдің отын-энергетикалық, әскери-техникалық салалардағы байланыстарын әрі қарай нығайта түсетіндігін атап өтті», деп жазады басылым.

Осы басылымнан кеше Ақтауда бас қосқан Каспий теңізі жағалауындағы Әзірбайжан, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан мемлекеттері басшыларының әңгімесіне арқау болған жайттарды «Тату көршілік пен айшықты әріптестік» атты мақаладан оқуға болады. «Кездесу мақсаты - Каспий жағалауы елдерінің достық байланыстарын, энергетикалық және көліктік мәселелерді, кеңестен кейінгі кеңістікте интеграциялық бірлестіктер мен ТМД шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері жөнінде ой-пікір өрбіту», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

«Сонымен қатар үстіміздегі жылдың айрықша ерекшелігі  - өткен жылдарда  іске асырылған құқықтық реформалар негізінде  «Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдар аралығындағы  құқықтық саясат тұжырымдамасы» деген құжаттың атауында көрсетілген ұлттық құқықтық басымдықтары айқындалатындығына келіп саяды», дейді Сенат депутаты Ермек Жұмабаев өз мақаласында. Сенатордың аталған жайтқа талдау жасаған көлемді мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасы: Даму кезеңдері және перспективалары» атты тақырыппен берілген.

***

«Қазақстан Президентінің бастамалары қолдау тапты». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақала Мемлекет басшысының Орынбор сапарына арналған. Мақалада «Қазақстан азаматтары - Ресейде, ал ресейліктер - Қазақстанда үш күн тіркеусіз жүре алады. Содан соң тіркелу қажет. Өзге елдердің арасында бұл мерзім 30 күннен 90 күнге дейін ұзартылған. Неліктен бізге осы мерзімді тым болмағанда 30 күнге ұзартпасқа?», - деген Мемлекет басшысының сөзі келтірілген.  

«Айқын» газетінің «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек. «Бізге ең тиімдісі - «бір ұлтқа бір дін, бір мәзһаб» ұстанымы» деген тақырыппен жарық көрген сұхбатта «Ақ сөйле!» қонағы тілшінің өткір сауалдарына жауап берген. Екеуара әңгіменің егжей-тегжейін басылымның 3-ші бетінен оқи аласыздар.

Осы басылымда жарық көрген «Үш кемшілікті жөндеу қолдан келе ме?» атты мақалада «Жекелеген салалар мен кластерді  елімізде тиімді дамыту үшін біріншіден, қазір  жұмыс істеп тұрған экономиканың өнімділігі мен тиімділігін арттыру, екіншіден, жаңадан пайда болатын өндірістік нысандарды таланттардың жұмыс істейтін орнына айналдыру, яғни озық технологиялы өндіріс құру, үшіншіден, еліміздің қабілеті төмен тобына жұмыс тауып беретіндей өндірістер құру қажет», делінген. Басылым тілшісінің жоғарыда аталған кемшіліктерді қалай түзеуге болады деген сауалына мамандардың жауабы берілген. 

***

Ағымдағы жылы отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге арналған Президент сыйлығының иегерлерін анықтау ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Осыған орай «Астана ақшамы» газеті ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғабит Мұхамбетовтен сұхбат алған. Ережеге қандай өзгерістер енгізілгенін білгіңіз келсе басылымда «Жаңа үрдістерді жатырқамайық» атты тақырыппен жарияланған сұхбатты оқыңыз.

«Астана ақшамы» газетінің  "Дауа" айдарында «Оразаның орасан зор пайдасы бар», «Семіздік сергелдеңі», «Ерін жырығының емі бар», «Туыстық некенің түбі бұлдыр» деген тақырыптармен топтама мақалалар берілген. Аталған жайттар төңірегінде басылымның бүгінгі санынан кеңірек білуге болады.

***

«Орынборда президенттердің қатысуымен VI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Осы тақырыпты қамтыған мақалалармен «Экспресс К», «Литер» және «Комсомольская правда» газеттерінің сенбілік нөмерінен таныса аласыздар.

 «Комсомольская правда-Казахстан» газеті зерттеу компаниясының статистикасына сүйене отырып, қазақстандықтар көп қаржы табады, бірақ аз жұмсайды деп санайды. Бұл туралы басылымның сенбілік санынан толық білуге болады.

«Кеше АҚШ-тың демократиялық әкімшілігі алғаш рет ресми түрде 2001 жылы қыркүйектің 11-інде қаза тапқандарды еске алды», деп  жазады «Литер» газеті. Мақалада оқиғаның болғанына 8 жыл толса да Америка азаматтарының көпшілігі адамдардың опат болуы туралы шындықты білгілері келетіндігі, АҚШ-та арнайы комиссия жұмыс істегенімен толық жауап берілмегендігі айтылған.