Қазақстан Президентінің Әзербайжанға сапары қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға екі күнге созылған мемлекеттік сапары жемісті аяқталды. Күні кеше Бакудегі Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайға қонған ұшақтан түскен Мемлекет басшысы бірнеше минутқа созылған қарсы алу іс-шарасынан кейін көлікке отырып, бірден Әзербайжан Президентінің «Загульба» резиденциясына бет бұрды. Резиденция алдында Қасым-Жомарт Кемелұлын Әзербайжан Президенті Гейдар Әлиев күтіп алып, протоколға сәйкес мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі өтті. Осылайша, Қазақстан Көшбасшысының Бакуге мемлекеттік сапары басталған еді.

Президент
Фото: akorda.kz
президент
Фото: akorda.kz
әзербайжан
Фото: akorda.kz

Сындарлы сұхбат

Алдымен екі елдің Президенттері келіссөз өткізді. Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Қорытындысында оннан астам құжатқа қол қойылып, Мемлекет басшылары Қазақстан мен Әзербайжан бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. Президент Әзербайжанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап өтіп, бауырлас мемлекетке жасаған сапарының мән-маңызына тоқталды.

«Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге бірқатар делегат келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайындалғанымызды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жоғары деңгейдегі байланыстардың бәрі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту үшін өте пайдалы. Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысында талқыланған мәселелердің маңыздылығына назар аударды.

әзербайжан
Фото: akorda.kz

«Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзірбайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл – шын мәнінде, өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік. Мұның бәрі – бірегей жобалар», – деді Президент.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.

«Транскаспий көлік дәлізі – аймақтық ынтымақтастық деңгейін анықтайтын нақты бағыт. Өйткені көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін емес. Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі кедергі емес. Керісінше, Каспий тек елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттердің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі, Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті. Бүгін Үкімет мүшелері көптеген мәселе бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасады. Өзара ықпалдастық пен бірлескен іс-әрекеттердің нәтижелері, ең бастысы, болашақ жоспарларымыз, шын мәнінде, өте ауқымды», – деді Ильхам Әлиев.

әзербайжан
Фото: akorda.kz

Ынтымақтастыққа серпін берер кеңес

Осыдан кейін Мемлекет басшылары Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Гейдар оғлын Әзербайжан Республикасының Президенті сайлауында айқын жеңіске жетуімен құттықтады. Президенттің айтуынша, дауыс беру қорытындысы Әзербайжан көшбасшысының стратегиялық бағдары жалпыхалықтың қолдауына ие болғанын және оған жұртшылықтың сенімі жоғары екенін анық көрсетті.

«Сізді әзербайжан халқының жалпыға бірдей танылған көшбасшысы деп білеміз және халықаралық аренада да осындай тұлға ретінде қабылдайды. Сонымен қатар Әзербайжанның өз егемендігін қалпына келтіру ісінде тарихи жеңіске жеткеніне шын жүректен қуаныштымыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

әзербайжан
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Астана мен Баку ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын дамытып отырғанын ерекше атап өтті.

«Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, халықаралық аренадағы өзара ықпалдастыққа қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның, шын мәнінде, стратегиялық серіктес, одақтас мемлекеттер екенін көрсетеді. Осы орайда екі ел үкіметтері бүгін қол қойылған құжаттар, келісімдер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысатынын ескерсек, ынтымақтастығымыздың перспективасы өте зор. Мен COP29 саммитіне қатысуға шақыруыңызды ықыласпен қабыл аламын. Мұндай шараны өткізу – Әзербайжан мемлекеті мен оның дипломатиясы үшін айтулы тарихи жетістік. Саммит қазіргі климат мәселелерін реттеу және жаһандық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Баку бұл міндетті абыроймен атқаратыны сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.

ильхам
Фото: akorda.kz

Ал Әзербайжан Президенті Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысының тарихи мәніне тоқталды.

«Қазақстан мен Әзербайжан – бауырлас мемлекеттер. Халықтарымыз ғасырлар бойы тату, бауырлас ел ретінде ынтымақтастықта өмір сүріп келеді. Соңғы кездері біздің бір-бірімізге жасаған сапарымыздың жиіледі. Осыдан-ақ өзара қатынастардың қарқыны қаншалықты күшейе түскені айқын көрінеді. Біз Қазақстанның әр табысына қуанамыз. Сізді және бүкіл бауырлас Қазақстан халқын әлеуметтік-экономикалық және инновациялық даму жолындағы керемет жетістіктерімен құттықтағым келеді. Сонымен қатар біз екі елге ортақ жобалар туралы әңгімелестік. Мен Қарабақты қалпына келтіру ісіне бауырлас ел ретінде жәрдем бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығымды білдірдім. Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының әзербайжан халқына тартуы ретінде Президент Тоқаевтың бастамасымен бой көтерді. Ертең біз достығымыздың орталығына айналатын осы нысанды ашамыз. Сондай-ақ Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әлбетте, Әзербайжанда Қазақстанды бәрі сенімді дос әрі одақтас ел ретінде таниды деп ойлаймын», – деді Ильхам Әлиев.

пойыз
Фото: akorda.kz

Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Сиань қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың жаңа көлік-логистика орталығынан шығып, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен Апшерон станциясына контейнерлі блок-пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға телекөпір арқылы қатысты. Мемлекет басшысы салтанатты шарада сөйлеген сөзінде қазіргідей жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл процесте Қазақстан мен Әзербайжанның тығыз әрі табысты ынтымақтастығы басты рөл атқарады. Бірлескен күш-жігердің арқасында екі елдің сауда-экономикалық әлеуеті нығайып келеді.

Президент Ильхам Әлиев көлік саласы қызметкерлерін осы айтулы оқиғамен құттықтады. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықтың көптеген бағыты, соның ішінде көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты нығайту үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.

Сондай-ақ осы күні Президент Әзербайжан Милли Мәжілісінің төрағасы Сагиба Гафаровамен келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Әзербайжан Милли Мәжілісінің Төрағасы парламентаралық байланысты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

әзербайжан
Фото: akorda.kz

Ильхам Әлиевтің Қазақстан Президентіне ерекше ілтипаты

Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлының Әзербайжанға мемлекеттік сапары Физули қаласына жалғасты. Бұл қала 2020 жылдың 17 қазанында екінші Қарабақ соғысы барысында Әзербайжан бақылауына өткен болатын. Мемлекет басшысын ұшақ трапынан Ильхам Әлиевтің өзі күтіп алды. Тіпті, көлік рөліне де өзі отырып, Қазақстан Президентін протоколға сәйкес белгіленген орынға дейін алып барды.

Мемлекет басшысы Ильхам Әлиевпен бірге Физули қаласындағы қираған жерлерді аралап көріп, шаһарды дамытуға арналған бас жоспармен танысты. Мемлекет басшыларына қаланы және оның төңірегіндегі аумақтарды қайта қалпына келтіру үшін қолға алынған шаралар туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ шаһардың жаңа келбеті: келешек әкімшілік орталықтың, саябақтың және басқа да маңызды нысандардың эскиздері мен жобалары көрсетілді. Сондай-ақ Президенттер жергілікті халықпен кездесіп, алдағы уақытта салынатын Физули қалалық Орталық ауруханасының жобасымен танысты. Шуша қаласындағы әлеуметтік-мәдени және басқа да нысандарды аралап көрді.

Физули
Фото: akorda.kz

Бауырластық нышаны

2022 жылдың 24 тамызында Қазақстан Президентінің шешімімен Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының іргесі қаланған еді. Елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың нышаны саналатын бұл нысанның ашылуы бүгін екі Мемлекет басшыларының қатысуымен өтті.

«Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті Физули жұртшылығымен әңгімелесу кезінде.

президент
Фото: akorda.kz

Президент бұл Орталыққа Құрманғазының есімі кездейсоқ беріліп отырмағанын айтты. Өйткені қазақ халқының дәулескер күйшісінің бай мұрасы бүкіл түркі дүниесінің асыл қазынасына айналды.

«Шын мәнінде, Құрманғазы – қазақ музыкасының алыбы. Тіпті түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі деп айтуға болады. Қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Оның туындылары өте тегеурінді әрі заманмен бірге жасай береді. Сондықтан оның әйгілі «Сарыарқа» күйін халық әлі күнге дейін тебірене тыңдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

әзербайжан
Фото: akorda.kz

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты.

«Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу Сіздің бастамаңыз еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде, аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынды және бүгін ресми түрде ашылып отыр. Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Біз бұл тартуға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды», – деді Ильхам Әлиев.

Осыдан кейін екі ел басшылары Орталықтағы жаңа кабинеттерді, кластарды, залдар мен шығармашылық студияларын аралап көрді. Мемлекет басшысы Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты.

әзербайжан
Фото: akorda.kz
әзербайжан
Фото: akorda.kz
құрманғазы
Фото: akorda.kz
физули
Фото: akorda.kz

Шуша сапары

Мемлекет басшысының Әзербайжанға сапары Шуша қаласында жалғасты. Екі ел Президенттері Қарабақ тау жотасының баурайында орналасқан қаланың бас жоспарымен танысты. Содан кейін олар аймақтың көрнекті жерлерін, оның ішінде орталық алаңды, «Саатлы» мешітін, тау қыратындағы «Джыдыр дюзю» алаңын, «Бюль-Бюль» мұражай-үйін, жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған фотокөрмені және тағы да басқа тарихи орындарды аралап көрді.

шуша
Фото: akorda.kz
шуша
Фото: akorda.kz
шуша
Фото: akorda.kz

Шуша шаһары ежелден әзербайжан мәдениетінің алтын бесігі саналған. Қала заманында гүлденіп, поэзия, көркемөнер және сәулет өнері дамыған орталық болған. Бүгінде мұнда инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше қонақ үй, музей және мешіттер бой көтерген. Тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, әлеуметтік нысандар, шіркеулер салынып, жөнделуде. Сонымен қатар түрлі сала мамандарының қатысуымен нысандарды бағалау және түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

әзербайжан
Фото: akorda.kz
шуша
Фото: akorda.kz
Соңғы жаңалықтар