Қазақстан Пржевальский жылқыларын жерсіндіруді қолға алмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі (ҚР ЭТРМ) мен Прага зообағы арасында Пржевальский жылқыларын жерсіндіру бойынша келісім жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Пржевальский жылқыларын жерсіндіруді қолға алмақ

ҚР ЭТРМ-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, құжатқа Астана қаласында өткен Қазақстан-Чехия бизнес-форумы аясында қос ел Үкімет басшыларының қатысуымен қол қойылды.

Қазақстан тарапынан меморандумға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев, Чехия тарапынан Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобек қол қойды.

«Жануарларды жерсіндіру дегеніміз – оларды бұрынғы мекендеу орындарына қайта көшіру.

Былтырғы жылдың желтоқсан айында Чехия тарапымен, сондай-ақ Зоология институты, Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Оның қорытындысы бойынша «Алтын Емел», «Көлсай-көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері мен «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты Пржевальский жылқысын жерсіндіруге потенциалды аумақ ретінде таңдалды.

Аталмыш меморандумға қол қою еліміздегі жабайы табиғатты қорғау саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге және сол арқылы жануарлар әлемінің жойылып бара жатқан түрлерін сақтауға мүмкіндік береді», - делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінде.