Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңсесі орналасатын аумақ болуға тиіс - Тоқаев
Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс. Бұл туралы «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Еліміз жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайтуы керек. Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс. Мұның бәрі – біздің жұмысымыздың міндеттері мен нақты нәтижелерінің аз ғана бөлігі. Барлық саладағы өзгерістердің қарқынын арттырып, одан әрі дамыта беруге міндеттіміз. Түрлі салада қордаланған проблемалар аз емес. Бұл жағдайға азаматтардың алаңдауы – заңдылық», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметтің күн сайынғы және жүйелі жұмыстарының нәтижесінде барлық өзекті мәселе біртіндеп шешіліп келе жатқанын айтты.
«Дегенмен еліміздің даму жолында қуатты серпіліс жасау үшін күнделікті мәселелерді шешіп қана қоймай, мемлекетіміздің болашағына қатысты өзіндік ұстанымымызды анықтау, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, жекелеген және ұжымдық құндылықтар жүйесін жетілдіру маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.