Қазақстан реформалар үшін пісіп жетілді - саясаттанушы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламенттің рөлін күшейту мен Үкіметтің өкілеттігін кеңейту қадамдары объективті себептер негізінде жасалмақ. Бұндай пікірді саясаттанушы Болат Байқадамов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елдің демократиялық дамуы мәселесін шешетін оқиғалар орын алуда. Президент өз тарапынан алдағы жылдары жүзеге асырылатын қадамдарды жария етті. Бұл ретте Парламентті күшейту, Үкіметтің өкілеттігін кеңейту бағыттары қамтылып отыр, яғни билік тармақтары арасында іс жүзінде жаңа теңгерім қалыптаспақ. Осы қадамдар объективті себептер нәтижесінде іске асырылуда. Жалпы, мемлекет бұндай реформаларды, өзгерістерді жүргізу үшін пісіп жетілді», - деді Байқадамов.
Оның сөзіне қарағанда, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлі күшейтілетіні туралы қадам маңызды болып табылады. Елде салмақты экономикалық-саяси өзгерістер болатындығы байқалып тотыр.
Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.