Қазақстан - Ресей: Бірінші тайм бойынша қонақтар алда келе жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада футболдан Қазақстан құрамасы Ресей құрамасымен ойнап жатыр. Алғашқы таймда қонақтар 0:2 есебімен алға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан құрамасының қақпасына 12-минутта бір гол кіре жаздады. Айып добының орындалуы кезінде Артем Дзюбаның баспен ұрған добы қақпадан сәл ғана биік өткен. Алайда ресейліктер 18-минутта бәрібір ұлттық құраманың қақпасынан саңылау тапты. Сәтті берілген пасты Денис Черышев мүлт жіберген жоқ. Құрамасына алға шығарды.

Қос команда үшін де біршама ұрымтал сәттер болғанын айта кету керек. Тіпті Ресей құрамасының футболшылары бір уақытта қатарынан үш мәрте бұрыштама добын тепкен. Абырой болғанда, қонақтар үш мүмкіндікті де пайдалана алған жоқ.

Бірінші таймның аяқталарына бар-жоғы 30 секунд қалғанда қазақстандық футболшылар тағы да қателікке жол берді. Бұл сәтті ұтымды пайдаланған ресейлік Денис Черышев екінші голын салып үлгерді.

Айта кетсек, 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің екінші тур ойынының финалдық кезеңіне 24 құрама жолдама алады. Қазақстан мен Ресей құрамалары I тобында сынға түседі. Қарсыластары - Бельгия, Шотландия, Кипр және Сан Марино. Екі құрама да 21 наурызда алғашқы тур ойындарын өткізіп үлгерді. Қазақстан өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ресей сырт алаңда Бельгияға 1:3 есебімен жол берген.

Қос құрама бұған дейін екі мәрте жолдастық кездесу өткізді. Алғашқы ойын 2008 жылдың 23 мамырында болды. Бұл жолы Ресей сапынан Павел Погребняк, Владимир Быстров, Константин Зырянов, Динияр Билялетдинов, Дмитрий Торбинский және Дмитрий Сычев гол соқты. Қазір аталмыш құрамадан Юрий Жирков қана бар. Келесі кездесу 2015 жылдың 31 мамырында ойналды. Ресей астанасы - Мәскеу қаласында болған кездесуде есеп ашылған жоқ.

Айта кетсек, аталмыш ойынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Асқар Мамин, Президенті Әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев тамашалап отыр.

Соңғы жаңалықтар