Қазақстан Ресей мен Беларусьтің теміржол арқылы өтетін жүк тасымалына 50 пайыз жеңілдік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Ресей және Қазақстан Премьер-министрлерінің кездесуінен кейін БАҚ өкілдеріне «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізіне Қазақстан қалай қатысатынын айтты.

- Бірге іске асырғалы отырған жобаларымыздың бірі – «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі. Яғни, Ресей Федерациясы мен Беларусь еліндегі тиісті жүктерді Қазақстан арқылы Түрікменстанға және одан әрі қарай тасымалдау мәселесі. Ол үшін теміржолға тиісті 50 пайыздық жеңілдіктер берілді. Мұның нәтижесінде осы жолдағы жүк саны артады деп отырмыз, - деді ведомство басшысы.
Марат Қарабаев Қазақстан мен Ресей арасында су көлігі саласында да бірқатар ынтымақ нығайып келе жатқанын атап өтті.
- Жалпы көлік дәлізі аясында (Солтүстік – Оңтүстік – ред) Ресейден келе жатқан жүктер Ақтау және Құрық порттарын қолданбақ. Соның аясында өз порттарымызға тереңдету жұмыстарын жүргіздік. Бұл бастама жүк тасымалының ұлғаюына мүмкіндік береді. Дәл осындай тереңдету жұмыстары Ресейдің Махачкаласында да жүргізіледі деп күтіп отырмыз, - дейді министр.
Аталған кездесуде Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин Қазақстан Еуразиядағы тоғыз жолдың торабына айналатынын айтқан болатын.