Қазақстан-Ресей шекарасынан заңсыз жолмен ірі көлемде балық алып өтпек болған ресейлік азамат ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының шекарашылары бағалы тұқымды 50 килограмға жуық балықты елімізден алып кетпек болғандардың жолын кесті. Бұл туралы ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстан-Ресей шекарасынан заңсыз жолмен ірі көлемде балық алып өтпек болған ресейлік азамат ұсталды

Оқиға еліміздің батысында орналасқан «Құрманғазы» өткізу-бақылау бекетінде орын алды. Бекеттің бақылаушылары заңсыз жүк алып бара жатқан 49 жастағы Ресей Федерациясының азаматын ұстады.

Оның жүгін тексеру кезінде салмағы 11,5 килограмм болатын тірі бекіре және 38,5 килограмм бекіре тұқымдас балықтар табылды.

Аталған деректер бойынша Атырау облысының Құрманғазы аудандық құқыққорғау органдары хабарландырылды. Фильтрациялық іс-шаралар атқарылуда.

Жалпы, жедел-сауықтыру іс-шарасының ІІ кезеңінде теңіз шекарашылары бір тәулік ішінде заңсыз балық аулап жүрген еліміздің 4 азаматын, 1 Ресей азаматын, жасанды 2 қайық пен 14 300 метр болатын тор тәркіледі.