Қазақстан - Ресей шекарасында 30 тонна бензинді өткізбек болған азамат ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан - Ресей шекарасында салмағы 30 тонна болатын бензинді өткізбек болған азамат ұсталды. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
«Павлодар шекара отрядына қарасты «Қосақ - авто» өткізу-бақылау бекетінің бақылаушылары 30 тонна бензинді (АИ-80 маркалы) мемлекеттік шекарадан өткізбек болған 41 жастағы Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Тексере келгенде оның құжаттарынан ши шықты - ілестірме құжат, есеп-фактурасы қосымшаға мүлде сәйкес келмейді екен. Соған қарамастан ұсталған азамат өзінің жүгін Қазақстаннан көршілес Ресейге өткізуге тырысқан», - деп жазылған хабарламада.
Аталған дерек бойынша құқыққорғау органдары хабарландырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.