Қазақстан Ресей тарапынан Каспий теңізінде орын алған оқиғаға қатысты вербалды нота алғанын қуаттайды
АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан Ресей тарапынан Каспий теңізінде ресейлік браконьерлер мен қазақстандық шекарашылар арасында орын алған оқиғаға қатысты вербалды нота алғанын қуаттайды. Бұл туралы бүгін ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлім етті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінен Каспий теңізінде ресейлік браконьерлер мен қазақстандық шекарашылар арасында орын алған оқиғаға қатысты вербалды нотаны алғанын растайтындығын атап өткен ресми өкіл бұл сұранысқа жауап ресейлік тарапқа белгіленген тәртіп бойынша жолданатындығын баса айтты. «Осы тұрғыда, аталған оқиға Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік шекара» туралы Заңына сәйкес, Қазақстанның аумағы болып табылатын 12 мильдік теңіз аймағында орын алғандығын атап өткіміз келеді. Осылайша, ҚР шекара қызметі өкілдерінің әрекеттері біздің еліміздің мемлекеттік щекарасын қорғауға бағытталған болатын. Қазақстан өз шекарасының мызғымастығын, заңнамасының сақталуын және өз ұлттық мүдделерінің бұзушылардың азаматтығына қарамастан барлық заңды жолдармен қорғалуын қамтамасыз етуде және келешекте де қамтамасыз етеді»,- деді ол. Сонымен қатар, ресми өкіл ұсталғандарға қатысты баспасөз құралдарының таратқан ақпараттары шындыққа жанаспайтынын және олар «балықшылар» еместігін ерекше атап өтті. «Олар Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары өкілдерінің заңды талаптарына әдейі бағынбаған, ерекше қорғалатын қорық аумағында браконьерлік іспен айналысқан мемлекеттік шекараны бұзушылар болып табылады», - деді Ж.Үсенов.