Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері Еуразиялық бизнес форумға шақырылды
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері Еуразиялық бизнес форумға шақырылды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған форумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қуаныш Дәуітов мәлім етті.
«Біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты шақырдық және Кеден одағы елдері Президенттері Владимир Путин мен Александр Лукашенконы Еуразиялық бизнес форум мінберінен сөз сөйлеуге шақырамыз. Бұл Еуразиялық бизнес форумнан кейін өтетін Кеден одағы елдері көшбасшыларының мамырдағы кездесу алдында «сағат салыстыру» мүмкіндігін береді», - деді ол. Оның атап өтуінше, Еуразиялық бизнес форум 17-18 сәуір күндері Алматыда өтеді. Сондай-ақ мамыр айында елордада Астана экономикалық форумы ұйымдастырылады. «Біз Қазақстаннан ықпалдастық, экономикалық, сауда және іскерлік үдерістер орын алып, таралуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға тиістіміз. Бүгінде Қазақстан бизнесі әлі де болса таяу аралықта іске қосылатын Еуразиялық экономикалық одақ басымдығының барлық мүмкіншіліктерін толығымен бағалай алған жоқ. Сондықтан да осы және басқа да мәселелерді алдағы форумда талқылау үшін жиналмақпыз», -деді Қ.Дәуітов.