Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері мамырда ЕЭО туралы келісімге қол қояды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері мамырда ЕЭО туралы келісімге қол қояды деп күтілуде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев мәлім етті.

Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері мамырда ЕЭО туралы келісімге қол қояды

«Өздеріңізге мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамаларының бірі - Еуразиялық одақ идеясына биыл 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасындағы интеграциялық игіліктер тиісті даму сатысынан өтті. Алдағы мамыр айында үш елдің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қояды деп күтілуде», - деді ол.

Комитет басшысының атап өтуінше, Еуразиялық интеграция мемлекеттердің өзара экономикалық қарым-қатынас мәселелерін ғана қамтиды.

«Сондықтан, бұл орайда салықтық әкімшілендіру мәселелері де ерекше орын алатынын атап өткім келеді», - деді Ә.Жұмаділдаев.