Қазақстан Ресейдегі жанар-жағармай тапшылығына байланысты мұнай өнімдерін Түркіменстан мен Әзербайжаннан әкелмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жанар-жағармайды Түркіменстан мен Әзербайжаннан әкелу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин айтты.

Қазақстан Ресейдегі жанар-жағармай тапшылығына байланысты мұнай өнімдерін Түркіменстан мен Әзербайжаннан әкелмек

«ҚазМұнайГаз» бірқатар келіссөздер жүргізді, қазірде әзербайжандық «SOKAR» компаниясынан және Түркіменстаннан жанар-жағармай тасу мүмкіндіктері талқыланып жатыр», - деп атап өтті вице-министр.

Оның айтуынша, Ресейде қазір жанармай экспорттау саласында үлкен қиындық туындап отыр. Өйткені, жуырда «Роснефть» компаниясына қарасты Ачинск мұнай өңдеу зауытында үлкен апат орын алған болатын. Сонымен қатар, тағы бірнеше ресейлік зауыттар өз жұмысын тоқтатқан. «Ресейдің кейбір зауыттары күздік-жоспарлық жөндеу жұмыстарына байланысты жұмыс істемей тұр. баланста тұрған жанармайының да жетіспеуінің өзіндік себептері бар деп ойлаймыз. Себебі олардың жанармаймен қамтамасыз етуі тиіс өңірлер пайда болды. Мен бұл жерде Қырымды айтып отырмын. Міне, осындай жағдайларға байланысты бүгінгі таңда Ресей нарығында шетелдерге, соның ішінде Қазақстанға жанар-жағармай экспорттау мәселесінде бірқатар қиындықтар туындады», - деп түсіндірді вице-министр.