Қазақстан Ресейден биыл 150-ге тарта зениттік зымыран кешендерін алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан биыл Ресейден 150-ге тарта зениттік зымыран кешендерін алады. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров мәлім етті.

Қазақстан Ресейден биыл 150-ге тарта зениттік зымыран кешендерін алады

Еске салайық, Парламент Сенаты «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінiң (объектiлері мен ұрыс алаңдары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан) 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығын пайдалану тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.

Депутаттар сауалына жауап бере келе министрдің орынбасары Ресей тарапынан Қазақстанға әскери техникалық көмектерге де тоқталып өтті. «Біз былтырғы жылы заманауи СУ-30 ұшағының төрт бірлігін сатып алдық. Бұл ТМД аумағындағы ғана емес, әлемдегі ең озық техника. БТР-82, С-300 зымыран кешендерінің бес бірлігін де былтыр иелендік. Сонымен қатар биылғы жылы да 150-ге тарта зениттік зымыран кешендерін алатын боламыз. Бұдан бөлек, Ресейден қосымша әскери техникаларды тегін алып отырмыз», деді О. Сапаров.