Қазақстан Ресейдің Омбы облысынан мал және мал шаруашылығы өнімдерінің әкелінуіне салынған уақытша шектеулерді алып тастады
Естеріңізге сала кетейік, тамыз айының басында мамандар Ресейдің Омбы облысындағы Бекишово деревнясында сібір күйдіргісінің ошағын тіркеген болатын. Жергілікті тұрғын Ыбырай Әйтенов етке өткізу үшін өз қорасында жылқылар сойған. Келесі күні оның алты жұмысшысы ауруханаға ауыр жағдайда түсіп, біреуі сонда көз жұмады. Зертханалық зерттеулер олардың күйдіргі жарасын жұқтырғанын анықтайды.
Осыған орай, тамыздың 6-сынан бастап Қазақстан Ресейдің Омбы облысынан мал және мал шаруашылығы өнімдерінің әкелінуіне уақытша шектеу енгізген болатын. «Россельхознадзор» тарабынан күйдіргі ошағы бойынша және аурудың шығу себебі туралы толық мәліметтің болмауына байланысты, Қазақстан тарабы осындай шешім қабылдаған еді.
Тамыздың 26-сында, ауру малдың еті Омбы облысынан басқа жаққа тарамағаны туралы ресейлік тарап қажетті кепілдеме бергеннен кейін, Қазақстан уақытша шектеуді алып тастады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.