Қазақстан Ресейге АӨК өнімдерінің экспортын кеңейте түспек - Мәскеудегі бизнес-форум
МӘСКЕУ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Мәскеуде Ресейде қазақстандық ауыл шаруашылығы экспортын дамыту мәселелеріне арналған «Қазақстан өңірлері - Мәскеу: ынтымақтастықты кеңейту» атты бизнес-форум өтуде.
"ҚазАгро" Ұлттық холдингінің басшысы Дулат Айтжановтың айтуынша, бизнес-миссияның негізгі мақсаты - ресейлік әріптестермен бірлесіп Мәскеу нарығына қазақстандық ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін тікелей жеткізуді ұйымдастыру мәселелерін шешу болмақ.
Форум барысында қазақстандық өндірушілер өнімдерінің таныстырылымы болды және елдің АӨК экспорттық мүмкіндіктері көрсетілді. Өз кезегінде, ресейлік тарап Мәскеу өңірі нарығының ағымдағы жай-күйіне тоқталып, қонақтарды осында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін азық-түлік кластерін құру жоспарларымен таныстырды.
Екі күнге созылатын іс-шараны қазақстандық «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі Мәскеу Үкіметімен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Қазақстанның РФ-дағы елшілігімен, Қазақстанның РФ-дағы сауда өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырды.
"ҚазАгро" баспасөз қызметінің хабарлауынша, форумда 90-ға жуық қазақстандық шаруашылықтар мен агроқұрылымдар өкілдері қатысуда. Өнімді мәскеулік нарыққа жеткізуге әзірліктері туралы 20-дан астам астық, ұн, макарон өнімдерін өндірушілер, 30-ға жуық ет, балық және олардан жасалған өнімдерді өндірушілер, 10 түрлі көкөніс өнімдерін өндірушілер, 4 сүт және сүттен жасалатын өнімдерді өндірушілер мәлімдеді.
Іс-шара қорытындысымен ҚР АШМ және Мәскеу қаласы Сауда және қызмет көрсету департаментінің бірлескен мәлімдемесіне, сондай-ақ «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен «Мосрегионторг» ААҚ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық меморандумына қол қойылмақ.