Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның мәжілісі болып өтті

Комиссия отырысын ашқан Қ. Саудабаев: «Біздің еліміз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени-гуманитарлық даму барысындағы тамаша жетістіктермен қарсы алып отыр. Азаматтардың құқықтары, заңның пәрменділігі және тәртіп мәселесі тұрақты әрі жүйелі түрде қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының нұсқауына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес жүргізілуде, мемлекеттік сатып алудың заңдылықтарын сақтап, оның айқындылығын қамтамасыз ету бұл саладағы маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Осыған байланысты бұл мәселе бүгінгі мәжілістің күн тәртібіне енгізіліп отыр», - деп атап өтті.
Комиссия мәжілісінде ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевтың, Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаровтың және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаевтың есептері тыңдалды.