Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының тағайындалғанына 16 жыл толды

АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат. Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының тағайындалғанына 16 жыл толып отыр.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының тағайындалғанына 16 жыл толды

1993 жылғы 5 қараша күні Мемлекет басшысы қазақстандық талантты жастарды әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқыту жөнінде шешім қабылдады.

Елбасының 2005 жылғы халыққа Жолдауындағы болашақтықтар санын 3000-ға дейін арттыру бастамасына сәйкес, бағдарламаны әкімдеу мақсатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ы құрылған. Орталық бүгінгі таңда конкурсқа қатысу үшін үміткерлердің құжаттарын қабылдау мен конкурстық іріктеуді ұйымдастырады, стипендиаттардың шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуын, сондай-ақ оларды оқыту мониторингін, қаржыландыру мен бейімдеуді, Қазақстандағы жазғы практика мен тағылымдамадан өтуін және түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал етіп, жүзеге асырады.

Бүгінгі таңда 5 950 адам Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегері атанған. Әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып, елге оралған 2000-ға жуық «Болашақ» бағдарламасының  түлектері бүгінде мемлекеттік  қызметте, жергілікті  және орталық  қызмет  атқару органдарында, халықаралық мекемелер мен  өкілдіктерде, ұлттық компанияларда, қаржы және акционерлік қоғамдарда, білім саласында еңбек етіп,  елдің  дамуына ат салысып жүр. 2009 жылы бағдарламаның тарихында тұңғыш рет ең көп ағым - 800 стипендиаттың елге оралуы күтілуде.

Дәл қазір 2 960 талантты қазақстандық «Болашақ» бағдарламасының аясында әлемнің 27 еліндегі Гарвард Университеті, Дьюк Университеті, Колумбия Университеті, Индиана Университеті, Кембридж Университеті, Рочестер технология институты,  Варшава Университеті, Лондон бизнес мектебі, Альберт Университеті, Данди Университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Уиверситеті сияқты алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуда.

Жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегері атануға ниет танытатын үміткерлер саны артуда. 16 жыл уақыт аралығында 20 000-нан астам үміткер құжат тапсырған. Ал 2009 жылғы конкурстық іріктеуге 4 057 үміткер құжаттарын тапсырған.