Қазақстан Республикасы Президентінің мәдениет орталығы 10 жылдығын атап өтті
АСТАНА. 8 Қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін кешқұрым Астанада ҚР Президенттік мәдениет орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналған «Руханият орталығы» атты мерекелік кеш өтті. Кешке ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты.
Министр, Орталық ұжымын өз атынан құттықтай келе, ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов жолдаған хатты оқып берді. «Мәдени орталық қысқа мерзімде руханият ордасына, халқымыздың өнері мен тарихын зерделейтін, әлемдік мәдениеттің жетістіктерін дәріптейтін іргелі ғылыми шаңыраққа айналды. Тарихымыз бен мәдениетіміз үшін ерекше мәні бар мұражай қорындағы құнды жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап, сауапты іс атқарып отырған Орталық ұжымының еңбегі ересен екендігін айрықша атап өтемін. Еліміздің ұлтжанды азаматтары, зиялы қауым, өршіл жастар бас қосатын рухани орталықтың керегесі кеңейе берсін», -делінген хатта.
Сондай-ақ М.Құл-Мұхаммед, Мәдени орталықтың 10 жылдығына орай, оның екі қызметкеріне «Мәдениет қайраткері» төс белгілерін табыс етті.
Мәдени орданың директоры Мырзатай Жолдасбеков атап көрсеткендей, бүгінде Орталық өз келушілеріне 5 бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, қорына 600 мың жәдігерді біріктірген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тарихы мұражайы. Мұражайдың өзі бірнеше бөлімнен тұрады: «Тәуелсіз Қазақстан және оның негізін қалаушы Н.Ә.Назарбаев» залы, Қасиет залы, Этнография залы, Археологиялық галерея, «Ежелгі дәуір» залы, «Қазақ әлемі. И.Тасмағамбетовтың жеке коллекциясы», «Тарихи» галерея және Астананың бүгінгісі мен өткені туралы зал және «Көркемсурет залы».
М.Жолдасбековтың айтуынша, мұражай экспозицияларын 10 жылда 750 мыңнан астам адам тамашалаған екен. Осы жылдар ішінде құнды жәдігерлерді сатып алуға мемлекеттік қазынадан 205 млн. теңге бөлінді. «Өкінішке қарай»,- дейді М.Жолдасбеков, қаржыландыру жылдан жылға азайып, соңғы екі жылда ол мүлдем бөлінбеген. Бірақ мұражай ұжымы қарап отырған жоқ, қолдан келген мүмкіндіктермен, демеушілердің көмегімен тарихи құндылықтарды елдің түкпір-түкпірінен іздеп-тауып жинақтауда.
Орталық жұмысының екінші бағыты - Ғылыми-зерттеу зертханасы. Зертхана соңғы үш жылда ғылыми жұмыстармен тығыз айналыса бастап, 2008 жылы «Қазақстан Республикасы» сериясы бойынша көптомдық дерекнамаларды шығаруды қолға алды.
ҚР Президенттік мәдениет орталығының кітапханасы Астана қаласындағы кітап қорына бай кітапханалардың бірі болып табылады. Ондағы кітап қорының саны - 603 мың дана. Оның ішінде сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры - 3 мың дананы құрайды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес және М.Жолдасбековтың бас-көз болуымен 2006 жылы негізі қаланған «Ұлттық дәстүрлер театры» бүгінгі күні өнер сүйер қауымның көзайымына айналды. Театрдың алғашқы шымылдығы «Ұлбике» музыкалық трагедиялық қойылымымен ашылды.
Соңғы бағыты 2002 жылдан бері жарық көріп келе жатқан - «Мәдени мұра» журналы. Екі айда бір шығатын басылымда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан сан-салалы жұмыстар жүйелі түрде жарияланып келеді. Оның редакторы «Парасат» орденінің және Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық жазушысы - Дүкенбай Досжан.
М.Жолдасбеков атап көрсеткендей, іргесі қаланғалы бергі 10 жылда Орталық барлығы 2 млн.-нан астам келушіні қарсы алған.
Іс-шара «Ұлттық дәстүрлер театрының» әншілері мен бишілері әзірлеген мерекелік бағдарламаға ұласты. Сондай-ақ қонақтардың назарына «Елбасы және Елорда» атты көрме ұсынылды.