Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің алқа мәжілісі өтті
Мәжілі жұмысына Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, министрлік алқасының өкілдері, ТЖМ-ның орталық аппараты мен оған қарасты ұйымдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері, Астана мен Алматы қалалары бойынша Төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары қатысты.
Мәжілісте төрт сұрақ қаралды. Оның біріншісі - «Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды жою бойынша жұмыстардың қазіргі жағдайы мен оны жетілдіру» мәселесі бойынша Төтенше жағдайларды жою департаментінің директоры Д.Сатылғанов мәлімдеді.
Мәселен, ТЖМ республикалық деңгейдегі «Көктем», «Мұнай», «Босқын», «Жер», «Қыс», «Қауіпсіздік» және халықаралық деңгейдегі «Жетісу», «Богородск - ШЫҰ», «Өзара әрекеттестік» командалық-штабтық оқулар мен «Қазқұтқару» сүңгуір-құтқарушылардың жиын-семинарын өткізеді.
Дапартамент директоры атап көрсеткендей, биылғы жылы қиын метеорологиялық жағдайлар барысында қалыптасқан төтенше жағдайларда адам шығынын болдырмау, оларды жою және алдын алу бойынша шаралар қолға алынды. Төтенше жағдайлардың салдарын шұғыл түрде жою үшін ТЖМ-да және облыстарда штабтар мен шұғыл топтар құрылды.
Сондай-ақ Д.Сатылғанов, алдағы ЕҚЫҰ Саммиті мен 7-ші Қысқы Азия ойындарын өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып, қазір кезекшілік күштердің күшейтілуі мен нысандарға құтқарушы құрылымдар жедел жететін сызбалар пысықталғандығын мәлім етті. Әрбір нысанда тұрақты кезекшілікте өртке қарсы және құтқару қызметтері, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің инженерлік-инспекторлық құрамы, Медициналық апат орталығының дәрігерлері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жедел жәрдем бригадалары, сондай-ақ ТЖМ-ның авиациясы болады.
Екінші сұрақ -«1-ші жартыжылдықта министрліктегі орындаушылық тәртіптің жағдайы және оны жетілдіру шаралары туралы» Әкімшілік жұмыс департаментінің директоры Е.Алдоңғаров баяндады. Ол, ведомствода қағаз жүзіндегі құжат айналымды қысқарту, орындаушылық тәртіпті күшейту, Астана және Алматы қалалары бойынша Департаменттерде ісқағаздарды тексеру жүргізіліп отыратындығын атап өтті. Жеке және заңды тұлғалардың үндеулері ерекше бақылауға алынды. Мемлекеттік тілді құжат әзірлеудің негізгі тілі ретінде қолдану шаралары жүргізілуде.
«Министрліктің 2010-2014 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарларының іс-шараларын орындау туралы» Стратегиялық жоспарлау, ақпараттық-талдау жұмысы, ғылым және жаңа технологиялар департаментінің директоры С.Ғаббасов айтып берді.
Оның сөзіне қарағанда, 2010 жылдың алғашқы жартыжылдығында халықты төтенше жағдайлардан қорғау деңгейін арттыруға септігін тигізетін бірқатар стратегиялық мақсаттарға қол жеткізіліп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудан мультипликативті нәтиже алынды. Мәселен, Бурабай-Щучинск аумағында Көксарай су реттегішінің бірінші кезегі іске қосылды, «Есіл өзенінің еріген суынан Астана қаласын қорғау» кешені толық жобалық қуатына қосылды, «Денсаулық» мамандандырылған медициналық пойызы шығарылды және Астанада ҚР ТЖМ-ның алғашқы спорт кешені ашылды.
Мәжіліс күнтәртібінің соңғы сұрағы - министрлік алқасының 2009 жылғы маусымның 26-сындағы «ҚР ТЖМ-ның аумақтық органдарында кризистік орталықтарды құру жөніндегі жұмыстардың жағдайы мен оны дамыту жолдары туралы» №8-ші қаулысының орындалу барысына арналды.
Ақпараттандыру және байланыс департаментінің директоры М.Құндақбаев, қазір өңірлерде кризисті орталықтарды құру, оларды техникалық жарақтаумен олардың жұмысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын мәлім етті.