«Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды.
Заң еңбек заңнамасын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің сапасын арттыру, қызметкердің, жұмыс берушінің және мемлекет мүдделерінің тұрақты теңгерімін қамтамасыз ету, халықаралық еңбек стандарттарын ескеру жолымен бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Бұл заңнамалық құжатпен жұмыс берушінің актілер шығаруында қызметкерлер өкілдерінің пікірлерін ескеруді қамтамасыз ету ұсынылады. Қазметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алу ережелері күшейтіледі. Лауазымдарды қоса атқару және уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау тәртібі регламенттеледі.
Заңда өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша мерзімдік аттестаттаудың тәртібін бекітетін және сапасын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган айқындалған.
Заң жобасын талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттерінің ескертпелері мен ұсыныстары ескеріле отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, жұмыс берушінің инфляция деңгейін негізге ала отырып, келісімдерде, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде белгіленген тәртіппен жүргізуі мүмкін жалақының тұрақты бөлігін индекстеу туралы бап нақтыланды.