Қазақстан Республикасының эстрада және өнер жұлдыздары «Адамға деген сүйіспеншілік» атты қайырымдылық концерт өткізбек
АЛМАТЫ. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Маржан Кеңесбай/ - Қазақстанның эстрада және өнер жұлдыздары Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен 14-қазан күні Республика сарайында «Адамға деген сүйіспеншілік» атты қайырымдылық концертін өткізбек.
Ол туралы бүгін «Адамға деген сүйіспеншілік» жобасының ұйымдастырушылары мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Концертке эстрада жұлдыздары Толқын Забирова, Мәдина Сәдуақасова, Нұрлан Абдуллин, Бүркіт және тағы басқа әншілер қатысып, шараға ерікті елшілер тобынан құралған Ольга Шишигина, кино әртісі Фархат Әбдіраймов және шахматтан ең жас әлем чемпионы Жансая Әбдімәліктер қатысып, қолдау білдірмек. Ол жөнінде «Адамға деген сүйіспеншілік» жобасының директоры Майра Болатқызы «Бұл жобаның ерекшелігі оған белгілі өнер жұлдыздары мен жас болса да өнер саласында жеткен биігі бар шығармашылық топтар мен сан ұлт өкілдерінен құралған өнер ұжымдары қатыспақ. Сондай-ақ, концерттің барысында науқас және жетім балаларға қол ұшын беріп жүрген демеушілерге дипломдар мен алғыс хаттар табыс етіледі. Ал концерттен түскен қаржы өз кезегін күткен науқас жандарға беріледі», дейді жобаның директоры.
«Қазақ халқы ежелден мейірімді халық. Жетімін жебеп, жесірін жылатпаған ел. Қазіргі уақытта қандай жақсы бастама болса да мәдениет саласының майталмандарымен басталады. Бұл игі шара халыққа ауадай қажет. Өйткені, біздің арамызда бөтен адам болмау керек. Адам болғаннан кейін бірімізге біріміз демеу болып, әрқашан жанашырлық танытып тұру керек деп ойлаймын», дейді Қазақстан Республикасының халық әртісі Бибігүл Төлегенова.