Қазақстан Республикасының «Президент туралы» және «Сайлау туралы» заңдары Мәжілістің жалпы отырысында қаралатын болды
АНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан Республикасының «Президент туралы», «Сайлау туралы» заңдары Мәжілістің жалпы отырысында қаралатын болды.
Бүгін аталмыш құжаттарды Мәжілістің Заңнама сот-құқықтық реформалар комитетінің отырысында талқылаған депутаттар осындай шешімге келді.
Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпековтың айтуынша, Конституциялық кеңестің қорытынды шешімінен кейін референдум өткізу мәселесі тоқтатылып, кезектен тыс президенттік сайлау өткізілетін болды. «Соның негізінде Парламентке «Конституцияға толықтырулар енгізу туралы» сондай-ақ «Президент туралы» және «Сайлау туралы» конституциялық заңдық күші бар құжаттарға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобалары келіп түсті. Бүгінгі Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Конституцияға толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Бұл жоғары заңдық күші бар құжат болған соң өзгелерден бұрын қаралды. Ал бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінде «Президент туралы» және «Сайлау туралы» конституциялық заңдық күші бар құжаттар талқыланды. Бұл құжаттар Мәжілістің жалпы отырысында қаралатын болып шешілді. Аталмыш құжаттар белгіленген тәртіп бойынша Мәжілістің содан соң Сенаттың қарауынан өтуі керек. Осы талқылаулардан соң ғана құжаттар Президенттің қол қоюына жіберіледі»,-деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу мерзімі осы құжаттар күшіне енген соң белгіленеді.